Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Түркістан облысында карантин режимін сақтамаған бірнеше кәсіпкерлік нысан жабылды

2020 жылдың 23 мамыр 2020 23:12

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік маңызды нысандарда пандемияға қарсы сақтық шараларының сақталмай жатқанын анықтаған. Кейбір нысандарда тіпті карантинге қатысты қаулы талаптары қадағаланбағаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, бүгінде өңірде коронавирус инфекциясын 282 адам жұқтырған. Өкінішке орай, өңірде тұрғындар карантин талаптарын өрескел бұзуға жол беруде. Мәселен, қаулыға сәйкес, қоғамдық тамақтану орындарына тамақ жеткізу қағидатымен ғана жұмыс жүргізуге рұқсат берілген. Алайда, мониторинг жүргізу барысында Түркістан қаласының базар аумағында жылдам қызмет көрсететін 2 қоғамдық тамақтану орны және кәуап дайындау павильоны тұрғындарды қабылдап, адамдардың көп шоғырлануына жол бергені анықталған. Тексеру қорытындысымен, кемшілікке жол берген қоғамдық тамақтану орындарының жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданды.

Нұрбек Нышанов шаһарда адам көп шоғырланатын орталық базар аумағындағы санитарлық ахуалды да қарап, кәсіпкерлермен сұхбаттасты. Маска киіп, арнайы санитайзерлерден өту арқылы санитарлық талаптарды қадағалау ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет екендігі ескертілді.

Қазіргі таңда облыс аумағында 121 мобильді топ қаулы талаптарының орындалуына тұрақты мониторинг жүргізуде. Бүгінге дейін өңірде 413 нысан тексеріліп, түсіндіру шаралары жүргізілген. Мамандар санитарлық талаптардың сақталуына бақылау жүргізуді жалғастыра бермек.


Жоғары қарай