Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанның аумағында қалып қоятын транзит жүк көліктері көп – депутат

2020 жылдың 20 мамыр 2020 12:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Павел Казанцев басқа елден келетін жүк көліктерінің Қазақстанның заңына бағынбауынан бюджетке едәуір қомақты қаражат түспей жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ережеге бағына қоймайтын жүк тасымалдаушылар бар. Мәселен олар «Қазақстан арқылы басқа елге тауар апара жатырмыз» дейді де, транзит – транзитпен аяқталмай, жүк біздің елдің аумағында қалып қояды. Сол секілді жүк тасымалдаушылар Қазақстанның белгілі бір өңіріне «осынша өнім тауар апара жатырмыз» дегенімен, жүк ол өңірге жетпей, басқа аймаққа «сіңіп» кетеді. Мұндай қулықтың арқасында жүк тасымалдаушы қосымша құн салығы (ҚҚС) мен басқа да салықтарды төлемей, біздің елде көлеңкелі экономика, жауапсыз бәсекелестік, «сұр және қара экономика» гүлдейді. Бұлай кете берсе проблемалардың тұтас легімен бетпе-бет келеміз. Сол себепті бұл заң жобасының басты мақсатының бірі – осы проблемаларға жол бермеу», - деді Парламент Мәжілісінде депутат Павел Казанцев халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалау туралы заң жобасын қорғау барысында.

Оның айтуынша 2019 жылы Қазақстанда қосымша құн салығын төлемеген 60 мыңға тарта көлік анықталған. Транзитпен кетеміз деген 11 мың көлік Қазақстан аумағында қалып қойған.

«Іріктеу арқылы талдау жүргізген кезде Қазақстан осы проблемалардың кеселінен бюджетке келуі тиіс 25 млрд теңгенің жетпей қалғаны анықталды. Яғни осы заң жобасы арқылы мәселелелерді ретке келтірсек, ең кем дегенде бюджетке 25 млрд теңге салынып отырады. Сонымен қатар Қазақстан аумағына келген жүк көліктерінің бәрін де тәртіпке бағындыра алар едік», - деді ол.

Еске сала кетсек бүгін Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылған болатын.


Жоғары қарай