Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Елорда тұрғындары Оралға жалған анықтамамен келген

2020 жылдың 25 сәуір 2020 20:40

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Елордалық екі тұрғын Оралға жалған анықтамамен келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, Самара-Шымкент жолы бойындағы №2 блокпостта Нұр-Сұлтан қаласында тұратын А. деген азамат жүргізіп келе жатқан «Тойота Камри» автокөлігі тоқтатылған.

Онымен бірге көлікте елордалық тағы бір тұрғын болған. Құжаттарды тексеру кезінде аталған азаматтар «А» жеке кәсіпкерлігінен алынған анықтаманы көрсеткен. Онда қызмет түрі карантин кезінде рұқсат етілген қызметтер тізіміне кіретін «телекоммуникация» деп жазылған. Мұның анық-қанығына жету үшін «Қазақтелеком» АҚ-ға хат жазылды.

Одан келген жауаптан белгілі болғанындай, аталған жеке кәсіпкерлік пен «Қазақтелеком» АҚ БҚО дирекциясы арасында жазбалай түрде де, ауызша да ешқандай келісім жасалмаған болып шықты.

Аталған екі азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 476-бабына сәйкес әкімшілік өндіріс қозғалып, тиісті шара қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді.

«Күні бүгінге дейін облыста төтенше жағдай талабын бұзғандарға қатысты 476-бап бойынша 601 хаттама толтырылып, 8 адамға ескерту берілді. Сондай-ақ 97 адамға әкімшілік айыппұл салынып, 216-сы қамаққа алынды. 280 іс қаралу үстінде», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мал ұрлаумен айналысқан ағайынды барымташылардың ұсталғанын жазған болатынбыз.



Жоғары қарай