Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да әйелімен бірге бюджеттің 0,5 млрд теңгесін жымқырған шенеунік сотталды

2020 жылдың 7 сәуір 2020 21:43

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қалалық соты бюджеттің жарты миллиардтан астам теңгесін талан-таражға салған СҚО Қаржы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Әділбек Қалиевке үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінше, экс-шенеунік Әділбек Қалиев әйелі, жеке кәсіпкер Динара Қалиевамен бірге бюджеттің 574 061 240 теңгесін қалтасына басқан.

Ә.Қалиев мемлекеттік тапсырыс бойынша конкурстарды ұйымдастыруға жетекшілік ете отырып, өзі басқаратын компаниялармен инженерлік-геодезиялық, жерге орналастыру, жер-кадастрлық жұмыстарды орындауға келісімге отырған. Осылайша Ә.Қалиев ешқандай конкурс өткізбей-ақ бірнеше млн теңгенің келісімдерін өзінің «NEW PROGRAMM», «Бест изобильное» ЖШС-ларға беріп, тиісінше атқарылмаған жұмыстардың актісіне қол қойған, қаржыны серіктестіктердің есепшотына аударуға келісім берген.

Ал жұбайы Д.Қалиева ЖШС атынан қажетті құжаттарды ресімдеп, бухгалтерлік, салықтық есеп жүргізген. Ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға аударған.

Осылайша, ерлі-зайыпты 2017-2019 жылдар аралығында мемлекеттің жарты миллиардтан астам теңгесін жымқырған. Ақшаның бір бөлігіне кәсіп ашып, істерін дөңгелеткен, Петропавлда элиталық жылжымайтын мүлік алған.

Сот отырысында Д.Қалиева күйеуінің қылмыстық ісінен бейхабар болғанын айтты.

Қалиевтардың кінәсі Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша дәлелденіп, Петропавл қалалық соты Әділбек Қалиевке 8 жылға бас бостандығынан және өмір бойы мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айыру жазасын кесті. Оның жұбайы Динара 6 жылға сотталды. Ерлі-зайыптының бар мүлкі тәркіленді. Ал, олардың кішкентай екі баласының болашағын қорғаншылық және қамқоршылық орган шешетін болады.


Жоғары қарай