Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

3 сәуір. Туған күн иелері

2020 жылдың 3 сәуір 2020 08:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 3 сәуірде тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР




147 жыл бұрын (1873-1919) халық батыры, қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі Амангелді ИМАНОВ дүниеге келді.

Бұрынғы Торғай уезі Қайдауыл болысында туған. Әкесі шаруа баққан, момын кісі болған. Шешесі Қалампыр Қақуқызы медресе бітірген. Амангелді әуелі ауыл молдасынан 2 жыл оқып, кейін Тасыбай, Тәшмағамбет ишандардың медресесіне түсті. Медреседе 4 жыл оқыған ол түрік, парсы, араб тілдерін меңгерді. Әкесінен 7 жасында жетім қалып, жоқшылық тауқыметін ерте тартты. Ел ішіндегі дау-шарға ерте араласып, сол себепті Ресей империясының жергілікті билеушілерінің қудалауына ұшырап, 1896-1911 жылдары аралығында бірнеше рет түрмеге қамалды.

Амангелді батырдың ұйымдастырушылық және қолбасшылық таланты 1916 жылғы Ресей императорының маусым айындағы жарлығына наразылық ретінде Торғай даласында бұрқ еткен ұлт-азаттық көтеріліс барысында айқын көрінді. 2-3 ай ішінде елеулі күшке айналған көтерілісшілер Қоғалыкөлде бас қосып, Әбдіғапар Жанбосыновты хан, Амангелдіні көтеріліс қолбасшысы (сардар) етіп сайлады. Әбдіғапар мен Амангелдінің ұйымдастырушылық іскерлігінің нәтижесінде көтеріліс саяси сипат алды және әскери-ұйымдық жағынан нығайып, оған қатысушы сарбаздар қатары 50 мың адамға жетті. Амангелді Торғай қаласын 27 күн бойы қоршауға алды.

Ол көтерілісшілердің Шошқалы, Күйік қопаларындағы шайқастарына, подполковник Тургеневтің жарақты үлкен жасағына қарсы 1917 жылы ақпанның 21-23-індегі Құмкешу-Доғал-Үрпектегі соңғы айқасына тікелей басшылық жасады. Жазалаушылар Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісті тұншықтыра алмады. Көтеріліс Ресейдегі Ақпан төңкерісіне жалғасты. Амангелді 1918 жылы наурыздың 21-і мен сәуірдің 2-і аралығында Орынборда өткен Торғай Кеңестерінің тұңғыш съезіне қатысып, Торғай уезінің әскери комиссары болып тағайындалды. 1919 жылы сәуірдің 20-ында Торғайда Кеңес өкіметі құлап, Амангелді тұтқынға алынып ату жазасына кесілді.




67 жыл бұрын (1953) ҚР еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Кенжеғали Тұрсынбекұлы МЫРЖЫҚБАЙ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында туған. Н.А. Римский-Корсаков атындағы Ленинград консерваториясының вокал-хор факультетін (1981) «опера әншісі, концерттік әнші, педагог» мамандығы бойынша; Т. Жүргенов атындағы Алматы өнер академиясының музыкалық спектакльдер режиссурасы факультетін (1996) «музыкалық режиссер» мамандығы бойынша бітірген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры (1997 жылдан); өнертану профессоры (2003 жылдан). 10-нан астам мақаланың авторы, бұқаралық ақпарат құралдарына көптеген сұхбат берген. Оның қатысуымен болған 6 опера спектаклі және 3 жеке концерт Қазақстанның радио және телевизияның алтын қорына енгізілді.

1981 жылдан - Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисі. 1996 жылдан - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, профессоры. 1997 жылдан - Ақмола мемлекеттік филармониясының директоры, көркемдік жетекшісі. 1998 жылдан - Астана Музыка академиясы жеке ән орындау кафедрасының меңгерушісі. 2007 жылдан - ШҚО Мәдениет басқармасының бастығы. 2009-2012 жылдары - ШҚО Мемлекеттік филармониясының директоры болған. 2012 жылдан Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі.




35 жыл бұрын (1985) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Мұратұлы ДӘУЕШОВ дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының магистрантурасын тәмамдаған.

Еңбек жолы: 2007-2011 жылдары – халық аспаптары академиялық оркестрі, филармония әртісі. 2009-2013 жылдары –Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыка өнері» кафедрасының оқытушысы. 2011-2013 жылдары – Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік халық аспаптары оркестрінде инспектор. 2013-2019 жылдары – Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптары оркестрі директоры.

Қазіргі қызметінде 2019 жылдың шілде айынан бастап.

«Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медалімен, ТМД елдерінің Парламентаралық ассамблеясының «Мәдениет пен өнерге қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.




35 жыл бұрын (1985) Н.А.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері - Динара Нұрғисақызы ТІЛЕНДИЕВА дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дирижерлік факультетін бітірген.

Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан бері.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай