Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Коронавирус жұқтырған 2 жасар бүлдіршіннің денсаулығы оңалып келеді

2020 жылдың 31 наурыз 2020 14:23

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев онлайн брифинг барысында эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екі жасар баланың денсаулығы жақсарды, бүгінгі күні қанағаттанарлық жағдайда. Бүгін соңғы талдауларын күтудеміз, егер олар теріс нәтиже берсе, онда ауруханадан шығаруға дайынбыз», - деді Т.Әбілдаев.

Оның айтуынша, бүгінде қалалық жұқпалы аурулар ауруханаларында барлығы 76 пациент коронавирустан емделіп жатыр. Оның ішінде 2-і бала.

«Емдеуге жатқызылғандардың бірі Алматы облысының тұрғыны екені анықталды. 1971 жылы туған әйел ЖРВИ белгілерімен жағдайы нашарлап Алматының көпбейінді клиникалық ауруханасына жүгінген. Оған зерттеулер жүргізіліп, екі жақты төменгі дәрежелі пневмония анықталды. COVID 2019-ға да талдаулар алынды, нәтижесі расталды. 30-ы күні ол біздің қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына емдеуге жатқызылды», - деді басқарма басшысы.

Басқарма басшысының айтуынша, 66 науқастың жай-күйі – қанағаттанарлық. 1 ересек адамның жағдайы ауыр. 9 ересек адамның жағдайы орташа деп бағаланып отыр.

«Жаңадан анықталған 9 адамның барлығы басқа жақтан келгендер. 30 наурызда Ыстанбұл-Алматы рейсімен бес адам ұшып келді. Алтыншы пациент 29 наурызда Минск-Алматы рейсімен және осы айдың әр күндері Дубайдан үш адам ұшып келді», - деді Т.Әбілдаев.

Қазір Алматыда провизорлық орталықтарда 697 адам карантинде жатыр, оның ішінде – 84 бала, екі күндік карантинде 1029 азамат және 3156 адам үй карантинінде жатыр.

Ал Алматыда коронавирус инфекциясынан 7 адам жазылып шыққанын мұның алдында хабарлағанбыз.


Жоғары қарай