Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 409.19
EUR 461.24
RUB 5.67
CNY 58.26

29 наурыз. Туған күн иелері

2020 жылдың 29 наурыз 2020 08:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 29 наурызда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР





124 жыл бұрын (1896-1986) атақты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек ҚУАНЫШБАЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында туған. 1936-1967 жылдары - Жамбыл облысы Көктерек, Айдарлы қой өсіретін ұжымшарларында аға шопан. 1948 жылы - әр жүз саулықтан 130-дан төл алған, ал 1958 жылы - әр жүз саулықтан 145-тен қозы алған. Ол өсірген қаракөл қойларының елтірілері халықаралық көрмелерде, жәрмеңкелер мен Дели (Үндістан), Бухарест (Румыния), Познань (Польша), Нью-Йоркте (АҚШ) өткізілген аукциондарда көрсетілді. Оның есімі Қазақстанның Алтын Құрмет кітабына жазылған. Айдарлы ұжымшарында оның қой өсіру жөніндегі тәжірибесін үйрететін алғашқы мектеп ұйымдастырылып, Бірлік ауылында гранит тұғырға бюсті орнатылған. 3-4-ші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған.
Ленин орденімен, «Орақ және балға» алтын медалімен және басқа да медальдармен марапатталған.




55 жыл бұрын (1965)VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Васильевна ЖҰМАДІЛДАЕВА дүниеге келді.

Ол Қарағанды облысының Теміртау қаласында туған.

Н.П. Огарев атындағы Мордва мемлекеттік университетін бітірген, филолог. 1987-2013 жылдары - Қызылорда және Алматы қалаларының орта мектептерінде бастауыш сынып мұғалімі, сондай-ақ Қызылорда қаласының орта мектептерінде директордың орынбасары, директор қызметтерін атқарған. 2013-2015 жылдары - әдіскер, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары. 2015-2016 жылдары - Оқушылар мен жасөспірімдер үйінің директоры. 2016 жылғы 24 наурыздан бастап VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған.

«Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қызылорда облысына - 70 жыл» медальдарымен және «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған.




49 жыл бұрын (1971) кескіндемеші, ҚР Көркемсурет академиясының мүшесі, ЮНЕСКО жанындағы сыншылар мен өнертанушылар халықаралық қауымдастығының мүшесі Ботагөз Амандосқызы АҚАНАЕВА дүниеге келді.

«Тоқыма, керамиканы енгізе отырып рельефтік кескіндеме жасауға» патенті бар (1997). Бейнелеу өнерінің түрлері - кескіндеме, графика, мүсін, дизайн.

1990-1993 жылдары - Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының декораторы. Отандық және халықаралық «Жігер» (Алматы қаласы, 1991), «Рождественские сказки» (Мәскеу қаласы, 1993), «7 галерея» (Мәскеу қаласы, 1995), «АРТ-МИФ» (Мәскеу қаласы, 1993), «ҚР суретшілері» (1998), «Ботагөз Монреалда» (Монреаль қаласы, 1999), «Ұлы көшпенділердің алаулары» (Астана қаласы, 2001), «Реализм шектері» (2004), «Адамдар мен қоныстар» (БҰҰ желісі бойынша, Алматы қаласы, 1994) көрмелеріне қатысқан. Еңбектері «Шығыс галереясында» (Мәскеу қаласы), «Ұласу Артта» (Алматы қаласы), Третьяков галереясында (Мәскеу қаласы), «NordTa» (Монреаль қаласы, Канада), «ОЮ-да» (Алматы қаласы), «Ұмай Тәңіріде» (Алматы қаласы), «Шежіреде» (Астана қаласы), Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында қойылған. Шығармаларының басым көпшілігі әртүрлі техникалар мен материалдарды пайдалану арқылы рельефтік кескіндеме техникасында орындалған.

Еңбектері Третьяков галереясы (Мәскеу қаласы), Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы (Алматы қаласы), Виллафамес қазіргі өнер мұражайы (Испания), Монреаль қаласының муниципалдық мұражайы (Канада), Канада генерал-губернаторының мұражайы (2000) жинақтарында, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, АҚШ, Канада, Франция, Испания, Италия, Израиль, Германия, Түркия, Мысыр және басқа да елдердің жекеменшік коллекцияларында сақталған. ҚР Суретшілер одағы жастар бірлестігінің мүшесі. ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық сыншылар және өнертанушылар қауымдастығының (АІСА) толық мүшесі (1996). БҰҰ желісі бойынша арнаулы сыйлықтармен марапатталған. Мәдениет қайраткері.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай