Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Төтенше жағдай: Атамекен қай сала кәсіпкерлері зардап шеккенін анықтады

2020 жылдың 19 наурыз 2020 18:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма мүшесі, аппарат басшысы Нұралы Бөкейханов елде төтенше жағдайдың жариялануынан зардап шеккен кәсіпкерлер туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кәсіпкерлер палатасы 16 наурызда арнайы жедел штаб құрды, оған үш күнде кәсіпкерлер тарапынан 5 660 өтініш қабылданды. Бизнесмендер көбіне жұмысшылар санын қысқартуға мәжбүр болған компанияларға не істеу қажеттігі туралы, ғимарат және жер жалдау ақысын төлеу мерзімін ұзарту немесе одан босату, коммуналдық қызметтер ақысынан босату, шикізаттың жетіспеушілігі немесе күрт қымбаттауы, құрамдас бөлшектердің жетіспеушілігі сынды сұрақтарды қойды. Мұның барлығы – шекараның жабылуы мен арнайы қауіпсіздік шараларын енгізудің салдары», - деді Н. Бөкейханов онлайн-брифингте.

Оның айтуынша, сауал жіберген 5 660 компанияның 85% – шағын бизнес, 13% – орта бизнес және 2% – ірі бизнес. Олардың 2 мыңнан астамы – қызмет көрсету саласы, білім беру орталықтары, сұлулық салондары, консалтинг, полиграфия салаларын қамтиды.

«Сауал жолдаған 5 мыңнан астам компанияның 50% – Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының кәсіпкерлері. Кәсіпкерлердің өздері қандай көмек сұрап отыр? Әрине, ең алдымен қаражат бойынша туындайтын сұрақтар. Бес мың кәсіпкердің 60% қаржылай қиындықтарға ұшырады деген ақпарат келді. Олардың ең басты сұрағы – несие төлеу мерзімін ұзарту, екіншісі – салық төлеу мерзімін ұзарту, үшіншісі – кәсіпорындардың еңбек ресурстарын сақтауға өтемақы беру. Төртінші – жалдау ақысын азайту немесе одан босату. Көптеген кәсіпкерлер шикізат пен бөлшектердің жетіспеушілігі мәселесін айтты», - деді Н. Бөкейханов.

Бұл ақпараттың барлығын кәсіпкерлер палатасы жүйелендіріп, мемлекеттік органдарға жіберді. Қазір меморгандармен арнайы шаралар жүргізіліп жатыр.

«Кәсіпкерлерді қолдау үшін ең басты қолданылатын шара – оларды салықтан босату. Салық төлеушілердің кейбір санаты – жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды мүлік салығын төлеуден босату, ауылшаруашылық өндірушілерін ауылшаруашылық жер салығынан босату, жалпыға бірдей режимді қолданатын тұлғаларды ірі қара мал және асыл тұқымды малды импорттау салығын төлеушілерді босату, салықтық есепті өткізу мерзімін осы жылдың екінші, үшінші тоқсандарына ауыстыру және де басқа салықтық көмектер», - деді Нұралы Бөкейханов.

Айта кетейік, 17 наурызда Мемлекет басшысы дағдарыстан жапа шеккен жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау шараларын қабылдауды тапсырды.


Жоғары қарай