Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Түркістан әкімі өртенген үйден 3 баланы құтқарған тұрғынға алғыс айтты

2020 жылдың 18 ақпан 2020 17:11

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов өртенген үйден үш баланы алып шыққан тұрғынға алғыс айтты. Өз өмірін қатерге тігіп, балаларды құтқарған Ғазиз Нысанқұловты қала әкімі арнайы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кішкентай бүлдіршіндерді ажалдан арашалап қалған бейбіт күннің батырына шаһар басшысы ризашылығын білдірді. Бұл жөнінде әкім желідегі парақшасында да бөлісті.




«Мақтан тұтар, үлгі алар жерлесіміз – Ғазиз Серікбайұлы. Өткен аптада бір отбасының басына қатер төніп, баспанасын өрт жалмап, үй-күйсіз қалды. Міне сол мезетте көршілеріне көмекке келіп, үш баласын өрттен аман алып қалған Ғазиз Серікбайұлымен бүгін танысып, қолын алдым. Осындай жанашыр да батыл жерлестеріммен мақтанамын! Айта кетейін, бұл отбасыға сол күні де жолығып, сенбі күні «Asar» еріктілер тобымен барып қайттық. Қолдан келгенше қолдау көрсеттік. Әлі де асарлатып үйді көтеруге көмектесеміз» деді әкім әлеуметтік желідегі парақшасында.




Еске салайық, 6 ақпан күні Түркістан қаласының тұрғыны Әлімхан Назарбековтің шаңырағы отқа оранған болатын. Оқиғаны алғашқылардың бірі болып көрген көршісі қызыл жалыннан қаймықпай, үйдің терезесінен кірген еді. Сөйтіп 2014, 2015, 2017 жылы туған бүлдіршіндерді сыртқа алып шығып, құтқарып қалды.

Бүгінде баспанасы өртеніп кеткен отбасының жағдайы шаһар басшысының назарына алынып, көмек көрсетілуде.











Жоғары қарай