Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жыл сайын 10 мың отбасына қолдау көрсету жоспарда бар - вице-министр

2020 жылдың 18 ақпан 2020 16:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020-2023 жылдар аралығында 40 мың отбасына немесе жыл сайын 10 мың отбасына қолдау көрсету жоспарланған. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің пәрменді шараларының бірі - «Бақытты отбасы» бағдарламасы. Құжат өткен жылы іске қосылған болатын және мүгедек баласы бар, көпбалалы, толық емес отбасы саналатын 5 мыңнан астам азаматтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді», - дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.

Оның айтуынша, аз қамтылған отбасылардың бағдарламаға қол жеткізуі үшін бастапқы жарнаны жабу үшін тұрғын үй сертификаттары беріледі.

«2020-2023 жылдары 40 мың отбасына немесе жыл сайын 10 мың отбасына қолдау көрсету жоспарланған. Мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану үшін 2019 жылы «Кезектегілердің бірыңғай республикалық базасы» сервистік бағдарламалық өнімі өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Осы бағдарлама мемлекеттік органдардың деректер базасымен интеграцияланған және тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды кезекке қоюдың ашықтығын қамтамасыз етеді», - дейді ол.


Жоғары қарай