Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Қазақстанда жедел төлемдер жүйесі енгізіледі

2020 жылдың 18 ақпан 2020 13:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Цифрлық технологияларды реттеу жөніндегі заң жобасында жедел төлемдер жүйесін енгізу көзделеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні электронды сауда қарқынды дамуда. Ол үшін келесі жұмыстар нақты алғанда сапалы Интернетпен қамту, цифрлық сауаттылықты көтеру, қолма-қолсыз ақша төлемдерді арттыру жасалып жатыр. Қазіргі уақытта 117 қала және 250 адамнан астам тұрғыны бар 3100-ден астам ауыл кең жолақты мобильді Интернетке қосылған. Жыл соңына дейін тұрғындар саны 250-ден асатын 1000-нан астам ауылды жылдамдығы жоғары мобильді Интернетпен қамту жоспарланған», - деді ол.

Министрдің айтуынша, ауылдарға жоғары жылдамдықты мобильді Интернетті жүргізудің жоспар-кестесі құрылып, ол барлық әкімдіктермен келісілген. Сондай-ақ, өткен аптада байланыс операторлары мобильді байланыс желісін бірлесіп құру туралы меморандумға қол қойды. Еліміз үшін маңызы зор жобаны операторлар өз қаражаты есебінен іске асырады. Елді мекендерді сапалы байланыс қызметтерімен қамту міндеті «Nur Otan» партиясының бағдарламасына сай жүргізілуде.

«2021-2022 жылдары 250 адамнан аз тұрғыны бар 877 ауылды кең жолақты Интернетке 3G/4G теxнологиясымен және қалған ауылдарды спутниктік Интернет арқылы қосу жоспары бар. Өздеріңізге белгілі, сапалы Интернеттің болуы xалықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға көмектеседі. Жалпы, бұл бағытта халықты оқыту бағдарламалары қайта қаралды және бекітілді. Сонымен қатар, халық арасында базалық цифрлық дағдылар, EGOV, OPENGOV, E-COMMERCE, және ақпараттық қауіпсіздік дағдылары курстары ұйымдастырылды. Атап өтсем, өткен жылы әкімдіктер 532 мыңнан астам адамды цифрлық сауаттылыққа оқытты. Ол бизнестің дамуына, жалпы халықтың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Асқар Жұмағалиев.

Оның атап өтуінше, Интернет желісінің ұлғаюы және цифрлық сауаттылықтың артуы қолма-қолсыз ақша төлемдерінің дамуына жол ашты. Нәтижесінде қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі 2,3 есе өсіп, 14,5 трлн теңгені құрады.

»Тағы бір айта кетерлік жайт, Цифрлық технологияларды реттеу жөніндегі заң жобасында жедел төлемдер жүйесін енгізу көзделген. Соның арқасында, қолма-қол ақшасыз төлемдер деңгейі одан әрі жоғары қарқынмен артады. Бұл отандық өндірісті дамытуға, «қарапайым заттар экономикасын» құруға оң әсерін береді. Бұл бағытта, Сауда және интеграция министрлігімен бірлескен жұмыс жүргізіледі. Жалпы, аталған жұмыс отандық өнімдерге халықаралық сауда алаңдарына шығуға мүмкіндік береді. Ол халыққа, еліміздің экономикасының дамуына қосымша әсер береді«, - деді ол.


Жоғары қарай