Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Төлеутай Рақымбеков отандық аграрлық ғылымның басты проблемаларын атады

2020 жылдың 18 ақпан 2020 10:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінде аграрлық мәселелер комитеті аграрлық ғылым, білім және өндірісті интеграциялау мәселелері бойынша отырыс өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыста отандық аграрлық ғылым жайлы Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, орталық аграрлық ғылымға талдау жасай отырып, өзге елдердің тәжірибесін зерттеп, негізгі мәселелерді айқындап келген.

«Әлемдегі аграрлық державалар санатындағы елдердің ауыл шаруашылығындағы инновациялық жүйенің ұйымдастырушылық сипаты бірдей әрі ол үш блоктан тұрады. Алғашқы блок – ғылыми білім беру мекемелері, яғни ҒЗИ мен университеттер. Ондай оқу-зерттеу орындары бізде де бар. Екіншісі – білімді тарату жүйесі (экстеншн). Бұл тұрғыда біз білім беру орталықтарын құру жұмысын 2008 жылы бастадық. Үшінші блок – инновацияларды қолдау сервистері. Олардың қатарына коммерцияландыру кеңселері, трансферттер мен венчурлық қорлар жатады. Бұл тұрғыда біз жеңіліп тұрмыз», - дейді Төлеутай Рақымбеков.

Орталық басшысының айтуынша, мәселен Аргентина ауыл шаруашылығы министрлігінің Ұлттық аграрлық технологиялық институты мен Қазақстанның Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығын салыстыруға мүлде келмейді. Аргентинадағы аталмыш институттың құрамында 4 ҒЗИ, 47 тәжірибелі станция мен 320 білім тарату орталығы бар.

«Осыдан барып, біздегі аграрлық ғылымның басты мәселесі – білім беру, трансферт пен коммерциялық технологияларды ұсыну бойынша ұйымдастыру жұмысының әлсіздігі екенін аңғарамыз. Сондай-ақ ғылымды қаржыландыруда айтарлықтай диспропорция бар: бізде ғылыми зерттеу жұмыстарына қаражаттың 90 пайызы, ал тәжірибе мен конструкторлық жұмысқа тиісінше 10 пайызы жұмсалса, трансферт пен коммерцияландыруға мүлде ақша бөлінбейді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бұл ретте қаражат бәріне бірдей – 30-35 пайыз мөлшерінде аударылады», - дейді ол.

Төлеутай Рақымбеков сонымен қатар ғалымдардың институт басшыларына тәуелділігі де өзекті мәселе туындататынын айтып өтті. Институттардың басшылығы мен тәжірибелі шаруашылықтардың ғылыми және коммерциялық саладағы мамандармен келіспеушілігі де істі ілгері бастырмай тұрған көрінеді.


Жоғары қарай