Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Бірқатар министрлік арасындағы өкілеттік қайта бөлінеді

2020 жылдың 13 ақпан 2020 12:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бірқатар министрліктер арасындағы өкілеттік қайта бөлінеді. Бұл туралы бүгін Мәжілісте Мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша заң жобасын таныстырған ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Айгүл Шаимова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, Үкіметтен министрліктерге өкілеттіктерді беруге тоқталмақпын. Бұл өте үлкен блок, оның аясында 88 өкілеттік қайта бөлінеді. Бұл - еліміздің негізгі басымдығы саналады. Себебі Мемлекет басшысы басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу басымдықтардың бірі екендігін атап өткен болатын. Мемлекеттің сервистік моделін қалыптастыру аясында мұндай тәсіл қоғамның сұраныстарына жедел ден қоюды қамтамасыз ететіндігіне байланысты», - деді ол.

Мысалы, вице-министр дерегінше, жыл сайын 10 мыңнан астам адам арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге құжаттар ресімдеуге өтініш береді. Бүгінде бұл өтініштерді Білім және ғылым министрлігі 3 күн ішінде қарайды. Дегенмен, бұл өтініштерді жеткізуде проблемалар бар. Ал заң жобасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар осынау әлеуметтік қызметті өздері көрсететін болады. Сол арқылы жеделдік қамтамасыз етілмек.

Вице-министр заң жобасында тарихи және мәдени құндылығы бар жазбаларды сақтау тәртібін анықтау жөніндегі өкілеттікті Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен мұрағаттар мен құжаттаманы басқару жөніндегі уәкілетті орган ретінде Мәдениет және спорт министрлігіне беру ұсынылатындығын да айтты.

«Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне табиғи ресурстардың ұтымды пайдаланылуын бақылау және қадағалау жөніндегі өкілеттік беріледі»,- деді Айгүл Шаимова.


Жоғары қарай