Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Жемқорлық туралы хабарлаған адамға сыйақы берудің жаңа тәртібі бекітілді

2020 жылдың 13 ақпан 2020 11:59

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлық туралы хабарлаған адамдарға сыйақы төлеу қағидаларын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2020 жылдың 4 ақпанында ҚР Үкіметінің қаулысымен Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды көтермелеу қағидаларына түзетулер енгізілді.

«Параның, келтірілген залалың немесе көрсетілген жеңілдіктер мен қызметтердің сомасы 1000 АЕК аспайтын болса, онда сыйақы көлемі бұрынғы тәртіпте 30-100 АЕК аралығында қалады. Ал егер пара сомасы 1000 АЕК асса, онда сыйақы осы аталған соманың немесе құнның 10 пайызын құрайды», - деді Әкімшілік-құқықтық департаменттің бас сарапшысы Ерік Бишібеков Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюрода өткен брифингте.

Мысалы, 5 млн теңге пара беру фактісі туралы құқық қорғау органдарына хабарлама түссе, хабарлаған адамға осы соманың 10 пайызы, яғни 500 мың теңге төленеді.

«Бұрынғы көтермелеу жүйесі бойынша дәл осы қылмыста 500 мың теңгенің орнына 135-185 мың теңге сыйақы беріліп келген. Бұрын қолданып келген көтермелеу жүйесі бойынша сыйақының ең жоғары сомасы 265 мың теңге (100 АЕК) болатын», - деді спикер.

Оның айтуынша, хабарланған жемқорлық фактілері шындыққа сай болғанда ғана сыйақы төленеді.

«Сыйақы бірден берілмейді. Бірінші қылмыстық іс қозғалады. Соттың айыптау үкімі күшіне енген соң, сыйақы төлеуге заңды негіз пайда болады. Содан бастап, 15 күн - 1 ай аралығында сыйақы төленеді. Бұл сыйақы барлық азаматтарға бірдей беріледі. Тіпті шет елдердің азаматтарына да осы қағида қолданылады. Олар да қылмыс фактісі туралы хабарлап, қаражат ала алады», - деді Е. Бишібеков.

Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды көтермелеу қағидаларына енген түзетулер ресми жарияланғаннан кейін 10 күнтізбелік күнде - яғни 15 ақпанда күшіне енеді және ақпарат берген тұлғалар мемлекет қорғауында болады.


Жоғары қарай