Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ұлттық ұлан жауынгерлері 100-ден аса адамды қар құрсауынан құтқарды

2020 жылдың 27 қаңтар 2020 17:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық ұлан жауынгерлері 100-ден аса адамды қар құрсауынан шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Арасында 28 ересек адам, төрт бала және бір аяғы ауыр әйел бар бір топ адамды ұландықтар қаңтардың 26-нан 27-не қараған түні «Нұр-Сұлтан - Шортанды» тасжолынан эвакуациялады. Түнгі сағат екіден бастап Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімі командирінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары подполковник Самат Аюпов пен екі жүргізушісі бар ұландық экипаж, сондай-ақ ТЖ департаментінің үш қызметкерімен бірге жолда қалған адамдарды құтқара бастады. Елордаға қайтар жолда олар 20-ға жуық автокөлікті қардан шығарды.





«Ішкі істер министрі және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен түнгі екіде жедел түрде екі көлікпен «Нұр-Сұлтан - Шортанды» тасжолына жол тарттық. Қатты боран соқты. Айнала көрінбей тұрды. Алғашқы көлікті біз қаладан 15 шақырымдай жерде, таңғы алтыда қардан шығардық. Алға жылжу қиынға соқты. Біз ақырын жүрдік. Барлығы 28 адам эвакуацияланды. Олардың көлігін қар жауып қалған. Біз оларды жеке құрамды тасымалдауға арналған жылытқышпен жабдықталған «Урал» автомобиліне отырғызып, ішетін су мен жылы киім-кешек бердік», - дейді Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімі командирінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары, подполковник Самат Аюпов.





Қазіргі кезде құтқарылғандар елордаға аман-есен жеткізілді. «Рахмет» сауда үйінің жанына келіп түскен азаматтар жақындарына тапсырылды.

Қатты жауған қардың салдарын жоюға «Қарағанды-Теміртау» тасжолына Ұлттық ұланның 10 жауынгері мен екі техникасы тартылды. Тасжолдың осы аумағынан 90 адам, оның ішінде 4 бала мен аяғы ауыр әйел құтқарылды.











Жоғары қарай