Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Астанадағы боран: Мамандар бірнеше маңызды кеңес берді

2020 жылдың 23 қаңтар 2020 15:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарына қала сыртына шығудан бас тартып, аса сақ болуды, ауа райының өзгеруі мен енгізілген шектеулер туралы ақпаратты қадағалауды ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдіктің хабарлауынша, ауа райының күрт өзгеруіне байланысты бүгінгі күні Нұр-Сұлтан-Қорғалжын бағытынан басқа барлық тасжолдар жабылған. Сондай-ақ қалалық Білім басқармасының шешіміне сай 1-ауысымдағы 0-11-сынып оқушылары мен бірінші ауысымдағы 1-2-курс колледж студенттеріне сабақ тоқтатылған.

«ТЖД мәліметі бойынша «112» шұғыл телефон қызметіне түнгі 00.00-ден бастап 1639 қоңырау келіп түскен, оның 85 пайызы тасжолдың ашылуы мен сабақты тоқтату мәселелері бойынша хабарласқан. Өткен тәулік ішінде елордалық құтқарушылар қар құрсауында қалған 19 адамды құтқарды. Ал жыл басынан бері қар құрсауынан 62 адам құтқарылып, 5 адам эвакуацияланғанын айта кеткен жөн. Осы ретте Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарына қала сыртына шығудан бас тартып, ауа райының өзгеруі және енгізілген шектеулер туралы ақпаратты қадағалауды ұсынады. Аталмыш мәліметті астаналықтар «112» қызметі, «Smart Astana» қосымшасы, «Instagram» әлеуметтік желілерінде (@nursultan_tjd), сондай-ақ «Darmen» қосымшасы арқылы біле алады», - деп хабарлайды әкімдіктен.

Мамандар қала тұрғындарына көшеде бағандардан, ағаштардан, жарнамалардан, ЭЖЖ және сымдардан алыс жүруді, автокөлікті ағаштар мен ескі құрылыстардан алшақ қоюды, құрылыс алаңдарында мүмкіндігінше құрылыс-монтаж жұмыстарын шектеуді ұсынады. Сондай-ақ, өрт қызметі, полиция, төтенше жағдайлар департаменті, жедел медициналық көмек, коммуналдық қызметтер сияқты қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, ауа райының күрт нашарлауына байланысты және қайғылы жағдайларды болдырмау үшін мемлекеттік органдарға, білім беру мекемелеріне, кәсіпкерлік объектілеріне (базарлар, СОО), құрылысқа жұмыс күнін қысқарту ұсынылады.

Қазгидромет мәліметіне сәйкес бүгін Нұр-Сұлтанда қар жауып, боран соғады, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 23 м/с дейін жетеді.

Айта кетсек, елордада қыс басталғалы қатты қар жауған. 2019 жылдың қараша айында түскен қар мөлшері 47 мм, желтоқсанда 39 мм құраса, 23 қаңтардағы жағдай бойынша 16 мм, айлық нормада 37 мм қар жауған. Осылайша, көрсетілген кезеңде түскен қар мөлшері айлық нормадан 2 есе асып түсті.

Аян Бекенұлы


Жоғары қарай