Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да былтыр 170-ке жуық адам із-түзсіз жоғалды

2020 жылдың 17 қаңтар 2020 01:39

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған Виктор Раскатовты туған-туыстары мен тәртіп сақшылары үш айдан артық іздестіріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 36 жастағы Виктор Раскатов Петропавл қаласындағы үйінен 2019 жылғы 30 қыркүйекте шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған. Бойы шамамен 160 см , орта денелі, көздері жасыл түсті, шашы – сарғылт-қара, басының кей жерлерінде шашы түскен, қастары сирек. Үстінде сұр түсті трикосы, қара-жасыл түсті курткасы, қара бас киімі болған.

Полицейлер сондай-ақ үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған Бақыт Хамзинаға да іздеу жариялады. Бақыт Хамзина 1971 жылы туған. Шал ақын ауданының Жаңаталап ауылындағы үйінен 2019 жылғы 18 қарашада шығып, белгісіз бағытқа кетіп қалған. Бойы 160 см , орта денелі, ақ шашты. Үстінде қызыл курткасы, тоқылған қара бас киімі, сұр түсті джинсы болған.

Ведомстводан мәлім еткендей, былтыр өңірде барлығы 169 адам жоғалды. Оның ішінде 159 адам табылды. 111-нің жүрген жерін полиция қызметкерлері сол тәулікте анықтады. 169 жағдайдың 25-інде кәмелетке толмағандар жоғалған. Оларды іздеуге ерекше көңіл бөлінеді. Жасөспірімдердің барлығы табылып, үйлеріне қайтарылды.

«Отбасыларында немесе жақындарымен сөзге келіп қалып, ренжісу адамдардың жоғалуына жиі себеп болады. Келесі бір себеп – алкоголь. Өткен жылы жоғалып кеткен 169 адамның 75-і – спирттік ішімдікті ішуді әдетке айналдырғандар, олардың 26-сы – әйелдер. Осындай адамдарды іздеу кезінде көңіл көтеру орындарына баса назар аударылады. Тәжірибеде адамдардың нәпақа табу үшін тұрғылықты орнын ауыстырып, басқа елді мекенге кетіп қалуы да жиі кездеседі. Кейін жақындарын, туыстарын ұмытып, байланысқа шықпайды», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Жоғалған адамдар туралы қандай-да бір ақпарат болған жағдайда «102» арнасына немесе 8-(7152) 39-41-78, 8-707-820-30-29 телефондары арқылы СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлеріне, 8 (7152) 39-48-37, 39-48-07, 8-747-239-11-61, 8-707-909-50-06 нөмірлері арқылы Петропавл қ. полиция басқармасына, 8 (715)-34 2-01-45; 50-04-29, 8-705-160-31-07 телефондары арқылы Шал ақын ауданы полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесіне хабарласуға болады.


Жоғары қарай