Елордада мас күйінде көлік айдаған 60 жүргізуші ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы елордалық полицейлер мас күйінде көлік айдаған 60-қа жуық жүргізушіні ұстаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Мереке күндері қарсаңында елордалық полицейлер қоғамдық полиция көмекшілерімен бірлесіп «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық шарасын өткізіп жатыр, ол 31 желтоқсанға дейін жалғасады.
Іс-шара қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көшедегі және қоғамдық орындардағы қажетті тәртіпті сақтау, қылмысқа қарсы күресті күшейту және астана аумағында қылмыс пен құқықбұзушылықты ескерту мақсатында өтіп жатыр.
ЖПШ басталғалы 100-ден аса қылмыс әшкере болып, іздеуде жүрген 11 қылмыскер ұсталды. 2800 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып (олардың 1300-ден көбі тіркеусіз немесе құжатсыз тұрып жатқандар), ҚР-да жүріп-тұру ережесін бұзған шетелдіктердің 330 фактісі тіркелді. 150-ден аса бұзақылық пен мас күйінде көлік айдаған 60 жүргізуші ұсталды.