Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Маңғыстауда 160 жасөспірім қыз жүкті болып қалған

2019 жылдың 8 желтоқсан 2019 01:09

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Мектеп қабырғасында жүріп ана атанғандардың тағдыры кез келген адамды бей-жай қалдырмайды. Қазір Маңғыстауда 160 кәмелетке толмаған қыз жүктілік бойынша тіркеуге алынған. Олардың басым бөлігі Жаңаөзен қаласы Мұнайлы ауданында тіркелген. Өрімдей қыздардың ерте аналық өмірді бастауына не себеп болады? Ерте жүктіліктің етек алуына кім кінәлі? Осы мәселені ҚазАқпарат тілшісі зерттеп көрді.

Тілшімізге сырын ақтарған 2 бойжеткен аты-жөнін жасыруды өтінді. Айтуларынша, қос құрбының тағдыры ұқсас. Бірі 16 жасында, бірі 18 жасында ана атанған.

Есімін жасыруды сұраған алғашқы кейіпкер 15 жасында тұрмыс құрған. Айтуынша, оны алып қашқан. Күйеуі өзінен 9 жас үлкен болған.

«Құрбым тұрмысқа шықты, бір ауылға. Соған қыз жолдас болдым. Содан күйеу жігіттің туысқан ағасы мені ұнатып қалыпты. Жақындары маған жігітті мақтай бастады. Менде ол кісіні ұнатқандай болдым. Айтқандарына көніп, өз бетіммен тұрмыс құруға шешім қабылдадым. Қазір ажырастық. Жалғызбасты анамын, 3 баланы өзім тәрбиелеп отырмын. Өкінішім сол, асықпауым керек еді. Қыздар, ешқашан асықпаңыздар. Алға қойған мақсатыңды орындап, оқуды аяқтап, сүйікті мамандықпен жұмыс істеп, сосын барып тұрмысқа шығу керек», - дейді Назгүл.

Ал, екінші бойжеткеннің жасы қазір 22-де. Ол да 3 баланы тәрбиелеп отыр. Күйеуімен мінезі жараспаған соң жақында ажырасыпты. Жігітімен 17 жасында жүріп, аяғы ауыр болып қалған. Танысқандарына бір ай болса да амалсыз шаңырақ көтеруге бел буады. Асығыс қабылданған шешім өзгеріп, шарасыздықтан көтерілген шаңырақ көп ұзамай шайқалған. Бүгінде қызын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Өзегін өкініш кернеген кейіпкеріміз қоғамда белең алып отырған жағдайға бей-жай қарай алмайтынын жеткізді.

«Босанғаннан кейін уақыт өтті. Қатты қиналдым. Анам да бетіме басты. «Қайда асықтың? Күте тұрмадың ба?» деп айта берді. Қыздарға ақылым: Алданбаңыздаршы?! Бір сөзіне бола, сыйлығына бола сене қалмаңыздар! Әбден көзіңіз жетіп, жақсы сөйлесіп, өз шешіміне сенімді болғаннан кейін ғана, отбасылы болғаннан кейін ғана келесі қадамға баруға болады. Сондықтан, асықпаңыздар! Бала туу, отбасылы болуға үлгересіздер. Қазір әлеуметтік желі арқылы таныса саламыз да, оны махаббатқа балап, шығып кетеді көп жастар. Бұл үлкен қателік», - дейді ол.

Денсаулық сақтау басқармасы Медициналық көмекті үйлестіру және ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Нұрсұлу Мұхамбетярованың мәліметінше, қазір облыста жыл басынан бері 160 жасөспірімнің жүкті екені анықталған. Олардың 80-і осы уақытқа дейін босанған.

«Жастары 15 пен 18 жас аралығындағы қыздар. Барлығы мектепте оқиды деп айта алмаймын. Көбісі — колледжде оқитын студенттер. Оның ішінде 17-18%-ы — сырттан келген студенттер. Басқа облыстан. Жалпы, 15 жастағы тек 7 қыз бар. Қалғаны 18 жасқа дейінгі қыздар», - дейді Нұрсұлу Мұхамбетярова.

Осы уақытқа дейін 144 мемлекеттік емханаларда тексеруден өтсе, 16-ы жекеменшік клиникаларда тексерілген.

Ақ халаттылардың дабыл қағатыны, ерте жүктілік, қыздардың денсаулығына зиян. «Өйткені, жаңа жетіліп келе жатқан қыздардың физиологиясы жүктілікке әлі дайын емес», - дейді мамандар.

«Ең қауіптілігі – қан кету. Осы жас босануда көп кездеседі. Біз, мысалы, айтар болсақ, ананың өмірін қорғауға кетіп қалатын жағдайымыз болады. Ананың өлімі мен баланың өлі тууы болады. Жалпы, жасөспірімді жүктілік кезеңіне жеткізбеуіміз керек. Ол ешкімге айта алмай, құпия сақтап, сыртқа тастап кетуі мүмкін. Мысалы, дәретханаға тастайды. Екіншіден, түсік тастауы мүмкін. Бізде менталитет сондай, қыздар мәселесін ата-анасына айта алмауы мүмкін», - дейді дәрігер–гинеколог Шолпан Берсүгірова.

Ақтау қаласы полиция басқармасы ЖПҚ бөлімі ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Гүлжан Мұхамбетқызының айтуынша, ай сайын емханаларда құқық қорғау органдары тарапынан тексерулер жүргізіледі екен.

«Қала көлемінде 11 жасөспірім жүкті екені анықталды. Олар 16-17 жасында жыныстық қатынасқа түсіп, жүкітілігімен емханаларға қаралады. Біз ай сайын тексеру актісін жасақтап, бар ақпаратты анықтаймыз. Қайдан келді, әкесі кім? Өз еркімен болды ма?» - дейді Ақтау қаласы полиция басқармасы ЖПҚ бөлімі ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Гүлжан Мұхамбетқызы.

Жоғары қарай