Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Руслан Дәленов қандай салаларға маман дайындау қажеттігін атады

2019 жылдың 29 қазан 2019 18:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2025 жылға дейін жаңа дайындалған кадрларға сұраныс 1,3 млн адамды құрайтын болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықаралық сарапшылардың деректеріне сәйкес, әлемде еңбек нарығына мынадай трендтер әсер ететін болады. Цифрландыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуы. Бұл еңбек өнімділігінің өсуіне ықпал етеді. Жалпы, технологияларды дамыту жұмыс орындарының қысқаруына әсерін тигізеді. Сонымен бірге, өндірістерге қызмет көрсету саласында жаңа жұмыс орындары құрылатын болады.

Жұмыс орындарының күрделенуі. Біліктілігі жоғары жұмыс күшіне сұраныс өсуде. Біліктілігі төмен жұмыс орындары қысқаруда. Бұл әмбебап дағдыларды дамытудың қажеттілігіне алып келеді», - деді министр.

Оның айтуынша, келесі тренд жұмыспен қамтудың икемді нысандарын енгізу. Қазіргі уақытта жұмыспен қамтудың фриланс, краудворкинг және басқа да қашықтықтан әрі толық емес нысандарының артуы байқалады. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, 2020 жылдан бастап фрилансерлер әлемдегі барлық жұмыс күшінің елеулі бөлігін құрайтын болады.

«Демографиялық өзгерістер. Бұл орта жастың ұзаруы салдарынан еңбек ету жылдары ұзақтығының артуы. Жаһандық трендтер Қазақстан үшін де сәйкес келеді. Бұдан басқа, жергілікті еңбек нарығына мыналар әсер ететін болады. Бұл - ЖІӨ-нің жаңа сапалы өсуіне жылына 5 пайыз және одан жоғары деңгейге көшуі. Көптеген инвестициялық жобаларды іске асыру экономиканың басым салаларында сапалы жұмыс орындарына сұранысты арттырады.

Шағын және орта бизнестің рөлін күшейту. Оның үлесі ЖІӨ-нің 35 пайызына дейін өседі. Еңбек нарығы икемділігінің артуы. Бұл - елдегі және әлемдегі макроэкономикалық және өзге де өзгерістерге икемділік», - деді Руслан Дәленов.

Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда 41,6 трлн теңгеге инвестициялық жобалар пулы құрылды. Осы пулға сүйене отырып, жаңа дайындалған кадрларға сұраныс 2025 жылға дейін 1,3 млн адам деңгейінде бағаланады.

Жұмыс орындарының ең көп саны туризм, көлік, АӨК, сауда және АКТ салаларында жоспарлануда. Бұл білікті кадрларды көптеп дайындауды талап ететін болады«, - деді ол.

Жоғары қарай