Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Нұрлы жер»: Қостанай облысында тұрғын үйдің үш жылдық жоспары құрылды

2019 жылдың 28 қазан 2019 23:32

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында тұрғын үй салу құрылысының жоспары үш жылға бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықовтың сөзінше, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы биыл өңірде 330 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Құрылыс өсімі былтырғымен салыстырғанда 10%-ға артық. Өткен 9 айда 2 825 пәтер тапсырылды.

«Алдағы уақытта «Юбилейный» ықшам ауданында 230 пәтерлі 3 кредиттік үй салынады. Жалпы, 3 жылда облыста шамамен 1 млн. шаршы метр баспана халық игілігіне жаратылады. Келер жылы 3 мыңнан артық отбасы жаңа пәтерлерге қоныстанады, 2021 жылы – 384,9 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. 2022 жылы 3 590 пәтер пайдалануға беріледі. Жеке тұрғын үй құрылысында да құрылыс қарқыны төмендемейді. 2020 жылы – 116,4 мың, 2021 жылы – 109,4 2022 жылы 111,0 мың шаршы метр баспана тұрғызылады», - деді Берік Таңжарықов.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің тапсырмасы бойынша, Берік Таңжарықов қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, облыстың жылдық жоспарын жасайды. Ол құжатта 2020-2022 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысының перспективалары және құрылыс аудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жеткізу мәселелері түзіледі.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл құрылыс жұмыстарына 1,9 миллиард теңге бөлінген. Ал «Бақытты отбасы» жобасы аясында тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 1 млрд 325 млн теңгеге азаматтардан 176 өтініш келіп түсті. Барлығы 48 ипотекалық несие берілген.

Облыс басшысы жаңадан бой көтерген баспаналарды су, жарық, жылумен қамту жұмыстарын белгіленген мерзімнен кешіктірмеуді тапсырды. Аймақта 54 тұрғын үйге инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары басталып кеткен. Өткен 9 айда қаржының 68%-ы игерілді.

Жоғары қарай