Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматының мектеп оқушыларына жат діни ағымдардың қаупі түсіндірілді

2019 жылдың 3 қазан 2019 17:41

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық Сот сараптама институтының бас сарапшысы Динара Мусина қаладағы №34 гимназия оқушыларына деструктивті діни ағымдардың қауіптілігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарапшы Динара Мусина білім мекемесінің 200 оқушысына жат діни ағымдар туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, деструктивті және экстремистік топтар тарапынан жүргізіліп отырған кең көлемді насихат жұмыстарының мақсаты ортақ – әрбір шаңырақта өшпендiлiк пен алауыздық отын тұтату және қоғамдағы ауызбіршілікті жою. Сол арқылы мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiріп, елдің конституциялық құрылысы мен аумағының тұтастығын бұзу.

«Деструктивті діни ағымдар өз қатарын мейлінше көп адаммен толықтыруға асығады. Сол үшін мұндай ұйымдардың өкілдері арбау жұмыстарында өтірік айту, мәліметті бұрмалап жеткізу, арнайы психологиялық айла-тәсілдер қолдану секілді жолдармен неофиттердің санасына ықпал етеді. Теріс пиғылды ұйымдар қоғамға өздерін діни, емдік, сауықтыру, мәдени, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетуге әрекеттеніп, жақтастарының санын көбейтуге тырысады», - дейді Динара Мусина.

Өз кезегінде мектеп оқушылары дәріскерден аталған ағымнан қалай сақтануға болатынын сұрады.

«Адам санасын улайтын деструктивті ұйымдардың басты қаупі – ортаға сенім білідіріп келген адамның дербес ойлана алу, сын көзбен қарау, өз бетінше шешім шығара алу, қалаған өмір салтын таңдау қабілеттеріне шектеу қойылады. Яғни, азаматтың жеке бас бостандығы мен құқықтарына қол сұғу орын алады. Бұл ұйымдар барынша қатарларын көбейтуге тырысады. Сондай-ақ, олар адамдардың жасына қармайды. Яғни шектеу жоқ. Үлкенін де, кішісін де арбауға тырысады. Деструктивті топтың мүшелігіне кіру барысында тұлға әртүрлі психологиялық кезеңдерден өтеді. Бұл кезеңдерде адам қате діни ұстанымдарды шынайы сенім ретінде қабылдайды, Ол кезеңдерді шартты түрде төртке бөліп қарастыруға болады», - деп жауап берді спикер.

Оның айтуынша, алғашқы – байланыс орнату кезеңі адамның жалған діни ағым өкілдерімен танысуымен басталады. Осы кезде радикалды идеологтар өз ұстанымын таңу үшін бұрмаланған ақпараттарды ұсынып, қызметін адал әрі дұрыс деп көрсетеді. Прозелитизмдік мақсатта психологиялық ықпал ету тетіктерін қолданады. Бастапқы кезеңде идеологтар арбалатын адамның бойында дінге қызығушылықты ояту үшін өздерінің діни сенімге беріктігін, әрқашан көмек көрсетуге дайын екенін дәлелдеуге тырысады. Осылайша, достық байланысты орнатқан адаммен тығыз қарым-қатынас жасауды қолға алады.

«Екінші кезеңде адам арбаушыларға толыққанды сенім білдіріп, неофит ретінде діни ұйымның мүшелігіне кіреді. Осы кезде идеологтар неофитке «біздің ұстанатын діни сеніміміз ғана ақиқат», ал «шынайы бақытқа тек топ ішінде ғана қол жеткізуге болады» деген ойларды таңады. Сондай-ақ осы кезде неофит басқа жолдармен келетін ақпараттардан оқшауланып, ой-өрісі, санасы идеологтар көрсеткен бағытпен қалыптаса бастайды.Нәтижесінде идеолог жеке өмірін толыққанды бақылауға алған неофиттің әрбір қадамын бағалай отырып, оның кез келген мәселеде ақыл-кеңес сұрайтын ұстазына айналады.

Үшінші кезеңде деструктивті топ ішінде психологиялық өңдеуден өткен, сыртқы ақпараттық және әлеуметтік байланыстардан оқшауланған адам топ мүшелеріне бауыр басып, өзінің өмірін толығымен осы топтың мүддесіне арнауға дайын болады. Деструктивті топтан тыс тұрған туысқандардың, қоғамның, мемлекеттің барлығы арбаудан өткен адам үшін жат болып келеді. Ондай адам топтағы адамдарды ғана өзіне шынайы дос тұтып, ұйымдағы басшысының әміріне көзсіз бойсұнады.

Ал, соңғы – төртінші кезеңде идеологтардың ықпалымен адамның өмірге және айналасындағыларға қатысты ұстанымдар қалыптасады. Өзгелерді өзінен артық көрген адамға жалған сенімге негізделген идеялар мен көзқарастар таңылып, мұндай адам ұйымның мүддесі үшін өзінің жанын да, малын да құрбан етуге дайын тұрады» ,- деп түсіндірді ол.

Оқушыларға арналған дәріс 45 минутқа созылды. Осы уақыт аралығында балалар көптеген мағлұмат алды. Сондай-ақ, оқушылар діни экстремизм мен терроризм туралы да сұрақтар қойды.

Еске сала кетейік, ЖОО, колледж және мектептерде мамандардың дәріс оқу шаралары Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасының бастамасымен өтіп жатыр.




Автор Алма Мұқанова
Басты сөздер: Аймақ, Қоғам, Дін, Білім, Алматы,
Жоғары қарай