Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 405.77
EUR 457.91
RUB 5.77
CNY 57.42

Ақтөбеде Жеңіс күні ауыл тұрғындары ағаш екті

2019 жылдың 10 мамыр 2019 01:39

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің Алға ауданы, Амангелді ауылының тұрғындары Жеңіс күні 800 түп ағаш екті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мереке күні еңкейген кәрі мен еңбектеген бала ауыл сыртына шығып, ағаш екті. Амангелді ауылының тумасы кәсіпкер Самат Қалдығұлов сый жасап, 800 көшет берді.

"Ауылды көркейту мақсатында бірнеше кешенді жұмыс атқарылды. Ауыл халқы түгел жиналып, ағаш екті. Бұл жақсы істің бастамасы. Біз ауылға келіп, кәсіп ашамын деген кез келген адамға қолдау білдіреміз. Алға ауданы ауыл шаруашылығына қолайлы, суы мен жарығы газы бар. Кәсіпкер жақсы үлгі көрсетіп, ауылды көгалдандыру үшін көшет сыйлады. Ал халық жұмыла келіп, арман-тілектерін айтып, екті. Болашақта бұл алаң үлкен демалыс орнына айналады деп сенеміз", - деді аудан әкімі Нағымжан Алдияров.




Ағаш отырғызуға мектеп оқушыларымен қатар тыл ардагерлері, зейнеткерлер қатысты.

"Ағаш егіп, көпке үлгі болар іс бастадық. Өз қолымен көшет отырғызып, суарған соң балалар да аса қамқор болады деп ойлаймыз. Алдағы уақытта күтімі жақсы болса ауыл маңы орманға айналады. Жеңіс күні соғыс ардагерлерінің ұрпақтары жақсы істі қолға алды. Бұл жалғасын табуы керек ", - деді ауыл тұрғыны Бекет Жалашев.




Айта кетейік, Елбасының "Ауылым - алтын бесігім" жобасы аясында мәдени - демалыс орталығы, "Ана мен бала" саябағы мен ескерткіш ашылды.

Жоғары қарай