Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Арнайы комиссия СҚО өзені мен көлдерінде балықтың қырылу себебін анықтады

2022 жылдың 12 мамыр 2022 13:03

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылжар ауданының Бугровое, Пруд көлдерінде және Тайынша ауданының Чаглинка өзенінде балықтың неден қырылғанын арнайы комиссия анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша Экология департаментінің мәліметінше, бүгін ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтіп, Қызылжар ауданы Бугровое және осы аудандағы Пруд көлдерінде, Тайынша ауданының Чаглинка өзенінде балықтың қырылуына байланысты жүргізілген тексерістің қорытындысы жарияланды. Мамандардың болжамы расталды, су жәндіктері оттегі жетпей, тұншығып қырылған.

«Бұл су қоймаларының таяз жерлері ішінара қатып қалған. Салдарынан балық қырылған. Жергілікті атқарушы органдар Бугровое көлінен 550 кг, Пруд көлінен 150 кг және Чаглинка өзенінен 100 кг шамасында өлген балықты жинап алып, жойды. Бұдан былай балықтың қырылуына жол бермеу мақсатында Қызылжар ауданының Бугровое және Пруд көлдерінде мелиорациялық аулау жүргізу қажет. Жергілікті атқарушы орган осы су айдындарының жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізетін болады», - делінген департамент таратқан хабарламада.

Естеріңізге салайық, алдымен Қызылжар ауданының Бугровое көлінде мөңке балығының өлексесі табылды. Мамандар өңірдегі былтырғы қуаңшылық шағын көлдер суының тартылуына әсер еткенін айтты. Қыста олар түбіне дейін қатып, аэрация жұмыстары нәтиже бермеген. Кейін өңірдің тағы 6 су қоймасында балықтың қырылу дерегі тіркелді.


Жоғары қарай