Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Арнайы келіп, айлап жатады: Қорғалжын туристерді несімен қызықтырады

2021 жылдың 31 мамыр 2021 21:39

ҚОРҒАЛЖЫН. ҚазАқпарат – Қорғалжын десе көп адамдардың ойына алдымен қорық пен оны мекендейтін қоқиқаздың келетіні рас. Себебі аталған мекен Қазақстан аумағында ғана емес, алыс-жақын шет елдерде де кеңінен таныс. Бұл өңірге әсіресе шетелдік қонақтардың жаны құмар көрінеді. Осы орайда Қорғалжын экологиялық обсерваториясынның негізін қалаушы Құралай Түспекова Қорғалжынның туристік қауқары мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы ҚазАқпарат тілшіcіне айтып берді.

«Қорғалжында орнитологиялық орталықтың құрылғанына 4 жыл болды. Орталықты ашудағы мақсат – турист тарту ғана емес, осындағы мекендейтін құстарды зерттеп-зерделеу және қорғау. Мұнда туристер алдымен құстарды тамашалауға келеді. Оның себебі бізде басқа өңірлерде мекендемейтін алуан түрлі құстар бар, соның бірі ол қоқиқаз. Пандемияға дейін Қорғалжынға жылына 5 мың шетелдік турист келетін. Жылдың мамыр мен қыркүйек айының аралығы туристік маусым болып табылады. Екіншіден, сырттан келетін туристерді жергілікті халықтың салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі мен ұлттық тағамы қызықтырады. Сол үшін де біз дайындалып, ұлттық ерекшеліктерімізді, қазақилығымызды барынша жоғары деңгейде көрсетуге тырысамыз», - деді Құралай Түспекова

Оның айтуынша, Қорғалжынға шетелден келетін туристер негізінен интернеттен естіп, білетін көрінеді.





«Әрине шетелдік туристердің келетіні бізді қуантады. Сәйкесінше, Қорғалжын туралы қайдан естіп, білдіңіздер деп сұраймыз. Көбісінің айтатыны интернет арқылы дейді. Сондай-ақ, халықаралық орнитологтардың мәлімдеуінше, олардың әлем бойынша үздік 10-топ орны бар, соның бірі Қорғалжын екен. Олардың айтуынша, Қорғалжынның тағы таңғалдыратыны бір мекенде түрлі санатқа жататын құстардың мекен етуі. Олар біз қоқиқазды Африканың бір шетіне барып тамашаласақ, ал бірқазанды көру үшін құрлықтың екі шетіне барамыз, ал сіздерде бәрі бір жерде деп таңғалыстарын жасырмайды. Сол үшінде шетелдік туристер бізге арнайы келіп, айлап жатады», - дейді ол.

Экологиялық-туристік обсерватория жетекшісінің мәлімдеуінше, отандық саяхаттаушылардың ішінде Қорғалжынға көбінесе балалар қызығады. Яғни балаларға арналған экскурсиялар мен танымдық іс-шаралар жиі ұйымдастырылады.

«Келем деуші кез-келген туристің талабы мен көңілінен шығуға тырысамыз. Дегенмен біз бар күш-жігерімізді балалар мен жасөспірімдерге бағыттаймыз. Себебі біз оларға Қорғалжынның әдемі жерлері мен құстарын көрсетіп қана емес, өскелең ұрпаққа табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау қасиеттерін қоса үйреткіміз келеді», - дейді ол.

Сондай-ақ, Қ. Түспекова Қорғалжында ішкі туризмді ілгерілетуде пандемияның кері әсері тигізгенін де жасырмайды.





«Өткен жылы қатаң карантиндік талаптар енгізілген кезден бастап, біз өз жұмысымызды тоқтаттық. Биылдан бастап қана, ақырындап қайта қолға алып жатырмыз. Десекте пандемияның оң әсері де болды. Себебі шетелге шығуға тыйым салынды, оның үстіне қауіпті болғандықтан алыс-жақын қалалар мен елдімекендерден отандастарымыз бізге келе бастады. Қазіргі уақытта әр демалыс сайын туристерді тұрақты түрде қабылдаудамыз. Жаз мезгілі басталды, нағыз туристік маусым, осы орайда балаларға арналған жазғы экологиялық лагеріміздің де жұмысын жандандыруды жоспарлап отырмыз. Әрине карантиндік талаптардың сақтайтын боламыз. Оның үстіне балалар көбінесе таза ауа мен табиғат аясында болады. Балаларды 3 немесе 7 күнге Қорғалжынның табиғатымен таныстырып, шығармашылық арқылы табиқатқа жанашырлықпен қарауға баулитын боламыз», - дейді Қорғалжындағы экологиялық обсерваторияның негізін қалаушы.

Сөз соңында, табиғат жанашыры Қорғалжында туризмді дамытудағы негізгі проблемаларды айтып берді.

«Ең алдымен ол инфрақұрылымның жоқтығы. Жол нашар, ауызсу кейде апталап болмайды. Сол сияқты біз жол салып қана қоймай келген туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың талаптарына қарай жағдай жасауымыз керек. Заманауи сұранысқа сай демалыс орындары салынса дейміз. Сонда ғана біз туристерді тарта аламыз», - деді Қ. Түспекова.

Жоғары қарай