Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Әр отбасының жеке әлеуметтік картасы жасалып жатыр - Бердібек Сапарбаев

2019 жылдың 23 сәуір 2019 22:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев елорданың аз қамтылған және көпбалалы отбасыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұрын отбасының табысын есептеген кезде олардың балалары үшін алатын жәрдемақысы, сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» үшін және мүгедек бала үшін алатын жәрдемақы, сол сияқты стипендия, одан кейін жергілікті әкімдіктен берілетін ақшалай жәрдемақылардың барлығы есептелетін еді. Осы жылдың 1 сәуірінен бастап ол есептеулерді алып тастадық. Яғни атаулы әлеуметтік көмек және басқа да мемлекеттік қолдау көрсетілетін кезде жоғарыда аталған жәрдемақы түрлері есепке кірмейді. Елбасы бізге алдымен көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету керектігін баса айтты. Осы мақсатта қазіргі күні жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірігіп, әрбір отбасының жеке әлеуметтік картасын жасаудамыз. Бұл тапсырманы осы жылдың 1 шілдесіне дейін бітіруіміз керек, дәл қазір оның 30% дайын. Толық жасап болғанда отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша одан арғы бағытымызды айқындайтын боламыз», - деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ, министр жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін ауылда тұратын көпбалалы отбасыларға және жастарға мемлекеттік гранттар берілетінін сөз етті.

«Осы жылы қолға алынып жатырған аталған санатқа жататын отбасыларды қолдаудың тағы бір түрі ол өз кәсібімді ашамын деген азаматтарға гранттар мен микрокредиттер беру. Мысалы, биыл өз кәсібімді дөңгелетемін деген 10 мың адамға 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі, бұдан бөлек шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысамын деген жандар үшін 500 мың теңгеден 6,5 млн теңгеге дейін шағын несие беру қарастырылуда. Тағы бір айтып кететін жайт, көпбалалы аналар мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар үшін үйінде әлеуметтік жұмыс орындарын ашу және сұранысқа ие кәсіптерге қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылады. Бұның себебі бұл аналар бала күтіміне байланысты үйден шыға алмайды сондықтан жағдайды үйлеріне апарып жасаудамыз», - деді ол.

Одан бөлек, Б. Сапарбаев қазіргі таңда министрлік отбасыларға әлеуметтік қызметтер мен қолдау шараларының 11 бөліктен тұратын бірыңғай пакеті құрастырғанын айтып берді.

1. 1-4-сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету;

2. Балалар мен аналардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруін қамтамасыз ету;

3. Мектеп формасымен, оқулықтармен және оқу керек-жарақтарымен қамтамасыз ету;

4. Балабақшадағы орынға басымды құқық беру;

5. Балалар лагерьлерінде тегін демалу;

6. Коммунальдық қызметтер бойынша өтемақы төлемдері, көмірмен және отынмен қамтамасыз ету;

7. Газ анализаторларын, жарық пен су есептеуіштерін тегін орнату;

8. Көпбалалы отбасылар үшін үйде арнайы жұмыс орындарын құру, гранттар мен шағын несиелер беру;

9. Барлық еңбек етуге қабілетті АӘК алушыларды жұмыспен қамту шаралары (оқыту, жұмысқа орналастыру, жастар практикасы, гранттар мен);

10. Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үй жағдайын жақсарту;

11. Біржолғы әлеуметтік көмек көрсету.

Жоғары қарай