Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әр адамның жауапкершілігі маңызды

2020 жылдың 20 қазан 2020 19:06

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазір республика көлемінде коронавирус індеті бойынша эпидахуал тұрақты болғанымен, қауіп басым. Қызылорда облысында қазір жағдай біршама жақсы. Десе де, әлем елдерінде қос өкпеден қысқан кеселдің беті қайтар емес. Тіпті күн өткен сайын ушығып барады. Мамандар аурудың екінші толқыны туралы болжам да айтты. «Сақтансаң сақтармын» деген, қауіпті кеселмен күреске сақадай сай болу – басты міндет.

Ендеше мамандар айтқан ықтимал екінші толқынға дайындығымыз қалай? Жаздағы күрделі жағдайдан қаншалықты сабақ алдық? Осы және өзге де сауалдар бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловпен жедел сұхбат құрған едік.

– Сәбит Бексейітұлы, коронавирус инфекциясының екінші толқыны туралы жиі айтыла бастады. Бұл нені аңғартады?

– Иә, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күзгі маусымда пандемияның екінші кезеңі болуы мүмкін деген болжам айтты. Жалпы індет басталғалы бері облыста тіркелген науқас саны – 3248 болса, соның 96 проценті жазылып шықты.

Өкінішке қарай 15 адам қауіпті дерттен көз жұмды, 22 науқас ем алуда. Қазіргі бас­ты мақсат – екінші толқынды болдырмау. Сол үшін сақтық шараларын күшейту, той-томалақты азайту. Негізі қалыптасқан бес қағида бар. Олар – маска тағу, ара қашықтықты сақтау, қолды жиі жуу және оны жиырма секундтан кем жумау, адам көп жиналған жерге бармау. Осы қағидаларды қатаң ұстансақ, аурудың белең алуына жол бермес едік. Жалпы, ауруды анықтаудың бірден бір жолы – ПЦР анализі. Індет басталған кезде бізде 6 ғана аппарат жұмыс істесе, қазір 9-ы бар. Осылайша тесттің санын көбейтуге жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені жүкті әйелдер, жос­парлы түрде ауруханаға жататын науқастар, тұмаудың белгісі бар адамдар, жалпы 14 бағыт бойынша тест алуға жататындар бар. Кейінгі кезде анықталып жатқандар жоқ. Соңғы екі күнде ғана үш жағдай тіркелді. Оның екеуі Қызылорда қаласынан, біреуі Шиелі ауданынан. Олармен қарым-қатынаста болғандар да бақылауға алынды.

Біздің өңірде жағдай тұрақты болғанымен жалпы әлемде, әсіресе, Еуропа елдерінде, көрші Ресейде ахуал күрделі. Сондықтан ауру­дың алдын алу шараларын күшейтіп жа­тырмыз. Бетін әрі қылсын, егер екінші кезең болған жағдайда 21 клиникада жалпы саны 3000 төсек-орын қайта ашылатын болады. Сондай-ақ, 200 төсектік тез соғылатын модульді инфекциялық аурухана құрылысы жүргізіліп жатыр, 1 желтоқсанда құрылысы аяқталады деп отырмыз. Сонымен бірге өкпені жасанды желдету аппараты бастапқы кезде 76 болса, қазір 244-ке жетті. Оған қоса жергілікті бюджеттен 4 флюро және 6 дана стационарлы рентген аппаратын сатып алу жоспарлануда. 3500 медицина қызметкерінің резерві, емханаларда 161 мобильдік топ құрылды. Оның 38-і облыс орталығында болса, қалғаны аудандарға бөлінді. Олар үш бағытта жұмыс істейді. Ондағы мақсат – адам­дарды шоғырландырмау, аурудың белең алуына жол бермеу. Осындай жұмыстар атқарылуда.

Өзіңіз жақсы білетіндей, ел арасын­да түрлі пікір, қауесет бар. Індеттің жалпы қаупі мен салдарының ара-жігін ашып айтып беріңізші.

– Жалпы вирусты жұқтыру қаупі бар­лық адамда бар. Иммунитеті әлсіз адамдарда бұл тіпті жоғары. Сондықтан созылмалы аурулары бар, атап айтқанда, қант диабетімен ауыратындар, қан қысымы жоғарылар, жүкті әйелдер, жүрек ауру бар науқастар сақтық шараларын қатаң ұстануы тиіс. Ал жалпы індет жас талғамайтынын, жағдайға қарамайтынын көрсетті. Бірінші толқында науқасқа шалдығып, жазылып шыққандардың қайта ауырып, ауырмайтыны жөнінде нақты дерек жоқ. Бірақ соңғы материалдарға қарайтын болсақ, ағзадағы ауруға қарсы антиденелердің үш айға дейін ғана сақталатыны, онан кейін олардың денеде қалмайтыны айтылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінгі күні 21 адам қайта жұқтырып, біреуі қайтыс болған. Демек, бір рет ауырдым, енді қайталанбайды деп арқаны кеңге салуға болмайды. Ал балаларға келсек, соңғы мәлімет бойынша республикада 200-ге жуық бала ауруға шалдыққан. Бірақ бізде ауыр жағдайда тіркелген емес. Кавасаки синдромы да облыста тіркелген жоқ. Ал пневмония туралы айтсақ, бұл ауру бұған дейін де маусымдық кезеңдерде тіркеліп тұратын. Қазір де жағдай тұрақты. Ауа райының жылы болуы да септігін тигізіп тұрған шығар. Десек те, бұл босаңсуға себеп болмауы керек.

Бірінші кезеңде облыста эпидахуал күр­деленгені соншалық қызыл аймақ қа­тарынан көрінгені белгілі. Өткеннен қан­дай сабақ алдық? Не ескерілмеді, қандай кемшіліктер анықталды?

– Індет басталғалы бері басы-қасында жүр­мін. Әлемді тығырыққа тіреген індетпен күресу бізге де оңай соққан жоқ. Осы уақытқа дейін емдеу протоколы он рет өзгерді. Қазір енді коронавирус инфекциясына әсері жоғары дәрілер анықталды. Жалпы бүгінде мамандар зерттей келе бұл ауру қанның қоюлануымен байланысты деген тоқтамға келді. Сондықтан оған ең қажетті дәрінің бірі – қан сұйылтатын препараттар болса, екіншісі – вирусқа қарсы препараттар. Олардың да әсерлі деген түрлері нақтыланды. Бұл орайда қазір біз дәрілер қорын осы аса қажетті, әсері жоғары деген дәрілермен толықтырып жатырмыз. Ал мамандар туралы айтсақ, бірінші толқында біз дәрігерлерді инфекционист, хирург, терапевт деп бөлген жоқпыз. Барлық дәрігер қауымы болып күрестік, яғни, жоғары медициналық білімі бар мамандардың барлығы жұмылдырылды. Өйткені жағдай солай болды. Ал ахуал біршама тұрақталған соң халықаралық деңгейде, яғни, шет ел ғалымдары мен профессорлары бейнебайланыста апта сайын сабақтар өткізіп, сол дәрістерді тыңдадық. Бейнесабақтар, дәрістер әлі де жалғасып жатыр. Бетін әрі қылсын, егер аурудың екінші толқыны келген жағдайда бұрынғыдай емес, тәжірибе бар, не істеу керегін де білеміз. Басты мақсат – қауіпті індеттің екінші толқынын болдырмау. Дәрігер ретінде қайталап айтайын, маска киюден бастап сақтық шараларын қатаң ұстану – қауіптің алдын алатын негізгі амал. Сондықтан, түсіністікпен, әрбір нақты ақпаратқа саналы түрде мән беріп, орынды әрекет жасау әрбіріміз үшін маңызды екенін естен шығармаған абзал.


Жоғары қарай