Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

АӨСШК-ні ұйым ретінде өзгерту туралы мәселені талқылайтын уақыт жетті - ҚР Президенті

2019 жылдың 3 қазан 2019 23:03

СОЧИ. ҚазАқпарат - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті ұйымға айналдыру туралы мәселені талқылайтын уақыт келіп жетті. Бұл жайында Сочиде өтіп жатқан «Валдай» Халықаралық пікірталас клубының жылсайынғы XVI отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан барлық уақытта да превентивті дипломатия мен қарусызданудың дәйекті жақтасы болғанын және болып қала беретінін атап өтті.

«Қауіпсіздік проблемаларын шешуде ұжымдық әдістерді әзірлеу алаңы ретіндегі өз маңызын дәлелдеп үлгерген Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пайдалы рөл атқара алады. Аталған форумды ұйым етіп өзгерту мәселесін талқылайтын уақыт жетті деп санаймын», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Шығыстағы қауіпсіздіктің тиімді сәулетін Батыспен өзара іс-қимылды жүзеге асырмастан іске асыру мүмкін еместігіне баса назар аударды. Қазақстанның АӨСШК мен ЕҚЫҰ арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою қажеттігін бірнеше мәрте ұсынғанын еске салды.

«Өңіріміздегі ортақ жұмысымыздың басты элементі - терроризммен және экстремизммен, ұйымдастқан қылмыспен, заңсыз көші-қонмен, есірткі тасымалымен күрес бола алар еді. Жасампаздықтың күнтәртібіне адами капиталды дамытуды, мемлекеттік басқарудың үздік тәжірибесін енгізуді, инновациялық әлеуетті күшейтуді, су ресурстарын тиімді әрі ұтымды пайдалануды жатқызуға болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сонымен қатар ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдығы болып қала беретіндігін баса айтты.

«Әлемдік құрылым: Шығыстан көзқарас» тақырыбымен өтіп жатқан «Валдай» Халықаралық пікірталас клубының жылсайынғы XVI отырысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Иордания королі Абдалла II, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев және Филиппин Президенті Родриго Дутерте қатысып отыр.

Жоғары қарай