Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Антқа деген адалдық: Ақтөбеде әскеридің әрекеті жұртты тәнті етті

2022 жылдың 14 қаңтар 2022 18:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде жаппай тәртіпсіздіктер барысында белсенділердің өз қызметін атқарып тұрған сарбазды үгіттеп жатқаны туралы видео тарады. Әлгі видеода Ұлттық ұлан сарбазының үгітке көнбей, антына берік болғаны көрсетілген. Жұртты тәнті еткен бұл әскери - ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 6655-әскери бөлімінде лейтенант Ұлан Мырзабай, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі, подполковник Ерболат Сұлтанов мәлім еткендей, Ұлан Мырзабайға қатысты оқиға Ақтөбе қаласында болды.

Әлеуметтік желіде тарап кеткен бейнежазбаны 190 мыңға жуық адам қарап, 700-дейі әскери қызметшіні қолдап, пікір жазған. Анықталғанындай, бейнежазба 5 қаңтар күні Ақтөбеде түсірілген болып шықты.

Алматы облысы Қапшағай қаласының тумасы Ұлан Мырзабай Ұлттық ұланда 2017 жылдан қызмет етіп келеді екен.

Сол күні олар заңсыз митингі кезінде Ақтөбе облысы әкімдігі алдындағы алаңда алдыңғы шепте тұрған.

Ұ.Мырзабайдың сөзіне қарағанда, бастапқыда бәрі тыныш болған. Бұлар митингіге қатысушылардың өз талап-тілектерін білдіруіне қарсылық етпеген, қайта қорғап тұрған. Алайда кейбіреулері тәртіп бұза бастаған.

«Қолдарында тас, таяқ, арматура және Молотов коктейлі болды. Алдыңғы шепте тұрған маған бірнешеуі жақындап келіп, видеоға түсіріп, мені өз жақтарына шығуға үгіттеді. Бірақ мен бұйрықтың аты бұйрық екендігін айтып, әскери антыма адалдықтан айнығаным жоқ. Еліміз бізге сенді. Сол сенімнен шығудан, Отанды қорғаудан артық абырой жоқ», деді Ұлан Мырзабай.


Еске сала кетейік, бұдан бұрын қақтығыс кезінде жараланған жауынгердің шептен шықпағанын жазған болатынбыз.


Жоғары қарай