Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Антиваксерлердің сөзіне сенудің қажеті жоқ - алматылық дәрігер

2021 жылдың 31 тамыз 2021 14:31

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы №1 қалалық емхананың бас дәрігері Азамат Зайыров вакцинацияның маңыздылығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, коронавирус жұқтырғандар санының артуына байланысты №1 қалалық емхананың мобильді топтары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

«Біздің емханада 6 дәрігер мен 9 медбикеден тұратын 6 мобильді топ жұмыс істейді. Сонымен қатар, ересектер мен балалар бөліміне арналған 2 дәрігер мен 3 медбикеден тұратын фильтр-бөлмесі бар. Коронавируспен күресуге 4 санаттағы жедел жәрдем бригадасы да жұмылдырылды, оның құрамында 4 фельдшер мен сонша диспетчер бар», - деді ол.

Бас дәрігер бүгінде коронавирус жұқтырған 350 науқас Алматыдағы №1 емхананың медициналық топтарының бақылауында екенін тілге тиек етті.

Өзін-өзі қорғау үшін емхана қызметкерлерінің барлығы коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырды.

«335 медицина қызметкерінің ішінде 323 адамға екпе жасалды. Бұл жалпы көрсеткіштің 96%-ы, қалған қызметкерлерде медициналық қарсы көрсеткіштер бар», - деді Азамат Зайыров.

№1 емхананың бас дәрігері Гам-Ковид-Вак (Спутник-V) вакцинасының бірінші компонентін 2 ақпанда, ал екінші компонентті 2021 жылы 23 ақпанда алғанын айтты.

Бас дәрігер емханада егу процесі қалай ұйымдастырылғанын айтты.

«Профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдарға вакциналануға рұқсат етіледі. Вакциналау алдында дене температурасын өлшеу, эпидемиологиялық анамнез жинау, жүрек соғу жиілігі мен қан қысымын өлшеу, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесінің аускультациясы мен тамақты тексерумен міндетті медициналық тексеру жүргізіледі. Егер температура 37°C-тан асса, вакцина кейінге қалдырылады», - деді спикер.

2021 жылдың ақпанынан бастап емханада бірінші компонентпен 17 755 адам, екінші компонентпен 13 939 адам егілді. Бүгінгі күні №1 емханада Гам-Ковид-Вак және Синофарм вакциналары бар.

Сонымен қатар, ол вакциналардың сапасы мен олардың қауіпсіздігіне алаңдаудың қажеті жоқ екенін жеткізді.

«Халық арасында антиваксерлер деп аталатын ковидтік диссиденттер халықтың 5%-ынан аспайды. Алайда, олардың шамадан тыс белсенділігі мен агрессивті әрекеттері ел назарын өзіне аударып, жұртшылықтың бойында жалған сенім тудыруда. Антиваксерлердің сөзіне сенудің қажеті жоқ», - деді Азамат Зайыров.

Спикердің сөзінші, бүгінде әлемде 99 миллионнан астам адам зертханалық расталған коронавирус инфекциясын жұқтырған. Соңғы уақытта әлемде дерт ушығып тұр. Қайтыс болғандар саны өсуде. Сондықтан вакциналану қажет.

«Әрине, біз вакциналаудан соң бірден оң әсерді күтпейміз. Вакциналау екі кезеңде жүргізіледі. Бұл иммунитетті нығайту үшін қажет. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін екпе салдырғандар саны арта түсуі тиіс. Біздің міндет – елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, өлімнің алдын алу», - деді дәрігер.


Жоғары қарай