Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Антиваксерлерді инфекциялық ауруханаға апарып, жағдайды көрсеткім келеді - Ажар Ғиният

2021 жылдың 23 қараша 2021 23:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ажар Ғиният вакцинаға сенбейтін және оны салуға қарсы адамдарға (антиваксерлер) қатысты өз ойын бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен вакцинаға қарсы адамдарды инфекциялық ауруханаға алып барсам деймін. Еш жауап бермей-ақ, жағдайды тікелей өздеріне көрсеткім келеді. Екпеге қарсы болып министрліктің қабылдауына жазылған адамдарға айттым да, жүріңіздер, өздеріңіз куә боласыздар деп. Онда COVID-19 инфекциясымен күресіп жатқан адамдар бір жұтым ауаға зар. Індетті асқындырып алсаң саған ешқандай вакцина, дәрі немесе аппарат көмектеспейді», - деді Ажар Ғиният танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында .

Сондай-ақ, вице-министр антиваксерлерді коронавируспен күресіп жатқан ауруханаларға шақырғанын да айтты.

«Өз басым сенбеушілердің көзін жеткізу үшін шақырдым. Тіпті кейбір өңірде вакцинаға қарсылық танытқандарды COVID-19 орталығына апарып, жағдаймен таныстырған денсаулық сақтау басқармалары да бар. Басында қарсы болып, кейін өзі коронавирусқа шалдыққан соң бастапқы ойынан бас тартқандар бар», - дейді ол.

Бұған дейін А. Ғиният елімізде жыл басынан бері 25 мың жүкті әйелдің коронавирус індетіне шалдыққанын айтты.

Сондай-ақ, министр орынбасары вакцина алмаған балалар мектепке кірмейді деген ақпаратқа қатысты түсінік беріп өтті.


Жоғары қарай