Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алтынемел ұлттық паркі келешекте қалай көркейеді

2020 жылдың 22 қыркүйек 2020 13:36

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Алтынемел» ұлттық паркінің даму тұжырымдамасын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрлік өкілдері АҚШ, Еуропаның табиғи парктерінің даму тәжірибесін зерттеген.

«Шетелдік тәжірибені ескере келе Алматы ұлттық парктерінің, оның ішінде Алтынемел ұлттық паркінің даму тұжырымдамасы жасалды. Алтынемел ұлттық паркінде экологиялық туризмді дамыту тұжырымдамасы 4 қыркүйекте қоғамдық талқыға шығарылған болатын. Бұл жоба бойынша басты басымдық соқпақтар мен жаяу жүргінші жолдарын дамытуға салынады», - дейді ведомство ҚазАқпарат сауалына берген жауабында.

Осы мақсатта ұлттық парк ішінде 3 маршрут жасалады. Бұл маршруттар жоспарланғанда жабайы жануарлардың өмір сүру ареалы, көшіп-қону орындары ескерілген. Яғни, олардың жайлы өмір сүруіне кедергі жасалмайды.

№2 маршрут бойынша Қапшағай су қоймасы жағалауына таман визит орталық салынады. Ол жерде туристер өздеріне қажетті туристік маршруттарды таңдай алады.

«Визит орталықта ресепшн, кинозал, конференц-зал, ақпараттық стенд, кітап және кәдесый дүңгіршегі, музей (экспозиция) болады. Қазір Алтынемел ұлттық паркінде қоғамдық кеңес жасақталып жатыр. Оған кез келген адам кіре алады. Қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері, бизнес өкілдерінінің қатысуымен тұжырымдама құрылып, соның негізінде инвестициялық жобалар қарастырылатын болады. Визит орталық құрылысының бюджеті инвестициялық ұсыныстарға байланысты болмақ», - деді министрліктен.

Бұл жоба жекеменшік инвесторлардың қаражатына жасалмақ.

Айта кетейік, өткен жылы Алтынемел паркіне 18,9 мың турист келген.


Фото: e-history.kz
Жоғары қарай