Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Алматының бас полицейі Ксения Ашығалиеваға қатысты істің мән-жайын айтты

2019 жылдың 31 шілде 2019 20:50

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев әнші Ксения Ашығалиеваның ісіне қатысты тергеу шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл дерек бойынша ҚР ҚК-нің 110-бабы (қорлық көрсету) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. ПД тергеу басқармасы ҚР ҚК-нің 126-бабының 2-бөлігімен (бас бостандығынан заңсыз айыру) қосымша іс қозғады. Бауыржан Ашығалиев уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Жақын арада оған қатысты бұлтартпау шарасы қабылданады»,- деді Серік Күдебаев.

ПД басшысы тергеу жұмыстарының объективті өтуіне кепілдік беретінін атап өтті.

«Қылмыс болған жер - үйдің жертөлесі тексерілді. Дәлелдер базасы жиналды. Бетпе-бет кездесулер ұйымдастырылды. Ашығалиеваның өтінішімен төбелеске араша түскен куәгерден жауап алынды. Сол кезде қасында болған күдіктінің досы да жауап берді. Ол іске куәгер ретінде қатысады. Тергеудің осы кезеңінде Ксения Ашығалиеваның айтқандарын бәрі растап отыр. Айыпты адамдар міндетті түрде жазасын алады», - деді Серік Күдебаев.

Мұның алдында Ксения Ашығалиева өзінің күйеуі Бауыржан Ашығалиевтің ұрып-соққанын айтып Фейсбуктегі #НеМолчиKZ тобына шағымданған еді.

Қылмыстық істі тексеру процесін полиция департаментінің басшысы өз бақылауына алды.

Ксения Ашығалиева «Jackpot» тобының әншісі болса, оның күйеуі Бауыржан Ашығалиев осы топта гитарашы.

Жоғары қарай