Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматылықтар жылуға қатысты шағымданып жатыр: Үйден гөрі дала жылы

2021 жылдың 11 қазан 2021 18:49

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар әлеуметтік желі арқылы үйлерінде жылудың жоқ екеніне шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Назарбаев 189/2-де әлі жылу жоқ. 10 күн болды, әлі тоңып жүрміз. Балалар мен біз, ересектер де тондық. Бұл мәселені ПИК-ке сілтейді. ПИК болса, жөндеуге сілтейді. Осының бәріне жазда дайындалса болмас па еді?! Әкімдік, сіздер жақын жердесіздер ғой. Келіп, көз жеткізіңіздер! Көрші подъезде 90 жастағы апа тоңуда. Жексенбіде жылу береміз деп уәде берген, бірақ, әлі жылу жоқ»,- деп шағымданды Алматы тұрғыны.

Аталған мәселе бойынша «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-да осы мекенжай бойынша баланстық шектеу шекарасындағы параметрлер берілген деп жауап берді.

«Қазіргі уақытта үйдің өзінде жылыту жүйесі өшіп тұр. ПИК техникалық жертөледе мемлекеттік бағдарлама бойынша жылу жүйесін ішінара ауыстыруда», - деп мәлімдеді «Алматы Жылу жүйесі» энергетикалық компаниясынан.

Қаланың Байтұрсынов, 191 үйде тұратын тағы бір тұрғыны үйде жылу және ыстық сумен қамту бойынша мәселе бар екенін айтты.

«Кешеден бері ыстық судың орнына суық су ағуда. Батареялар сәл ғана жылы»,- деп Facebook-тағы топқа жазды .

Желінің басқа пайдаланушысы — Гагарин, 280а тұрғыны үйінің әлі жылу жүйесіне қосылмағанын жазды.

«Үйде өте суық. Пәтерден гөрі, дала жылы. Біз әкімдікке де қоңырау шалған едік, олар бізге Бостандық ауданының жылыту бойынша бас маманы Ерлан Сейдуллаевтың телефон номерін берді. Мен оған кеше хабарласқанда, жылу кешке беріледі деген, бірақ, әлі ешқандай өзгеріс жоқ. Батареялар қалай суық болды, әлі солай. Бұл мәселе бізде жыл сайын қайталанады. Бізді тек 20 қазаннан кейін жылуға қосады, оның өзінде де толық қоспайды»,- деп шағымданды алматылық тұрғын.

Аталған шағымдар бойынша «Алматы Жылу жүйесі» мамандары жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ, жақында Педиатрия мен балалар хирургиясының ғылыми орталығында жылудың жоқтығы туралы шағым жазылған еді: «Ауыр науқас балалар суық палаталарда тоңуда. Балалардың денсаулығына кім жауап береді? Неге кішкентай науқас балалар жылусыз қалды?»,- деп сұрақ қойды Facebook пайдаланушысы.

«Алматы Жылу жүйесі» сол кезде ғылыми орталыққа жылу 2 қазанда берілді деп жауап берген болатын.

«Жылу тасымалдағаштың уақытша болмауы жақын маңдағы объектілерді белсенді қосумен байланысты болды. Бұл желілердегі қысымның төмендеуіне әсер етті. «Алматы жылу жүйесі» ЖШС қызметкерлері ғылыми орталықтағы желілердің жұмысын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізді.

Ағымдағы жылыту маусымы ауа райы жағдайын есептеумен бекітілген температуралық кестеге сәйкес жүргізіледі. Әдетте, орталықтандырылған жылумен жабдықтауды толық қалыпқа келтіру үшін жылыту маусымы ашылған соң, шамамен бір апта қажет.

Бұл жылу энергиясы жүйелерінің технологиялық ерекшеліктеріне байланысты», - деп жауап берді компаниядан.

Сондай-ақ, жақында Алматыдағы бірқатар үйлер магистралдық құбыр апатына байланысты жылусыз қалғаны хабарланған еді.



Автор Думан Арғынгелді
Басты сөздер: Энергетика, Алматы,
Жоғары қарай