Ауа райы
Астана 26 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Алматылық ісмер: Арманым – қазақтың қолөнерін насихаттайтын зәулім ғимарат салу

2020 жылдың 16 ақпан 2020 14:41

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақ халқының ертеден бүгінге өшпей жеткен қолөнерінің бірі – құрақ құрау. Астарында үлкен тәрбиесі бар өнер соңғы жылдары халықтың қызығушылығын оятып, күнделікті қолданысқа кеңінен ене бастады. Тіпті, қолөнердің бұл түрін жеке бизнесіне айналдырғандар да бар. Солардың бірі – Гүлмира Уәлиханқызы. Осы өнердің қыр-сырын жетік меңгерген ісмер құралатын құрақтың, салынатын ою-өрнектің, таңдалып алынған түстің өзіндік мағанасы бар екенін айтады.

Гүлмира Уәлиханқызы Павлодар облысының тумасы. Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының экономика факультетін тәмамдаған. Осы мамандық бойынша 3 бірдей қызыл дипломы бар. Аталмыш салада бірнеше жыл жұмыс істеген. Қызметте өсті, табысы жоғары болды. Алайда, бойындағы өнері мен бала күнгі арманы біржола ұлттық өнерге бет бұруға, әлеуметтік кәсіпкерлік саланы игеруге итермелеген.




«Өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды» дейді ғой. Менің анам өте ісмер жан болған. Қолынан келмейтін ісі жоқ. Ол кісі әлеуметтік салаға ерекше назар аударатын. Міне, осы жағынан да анама ұқсаймын. Қолымнан келгенше мұқтаж жандарға көмектескім келіп тұрады. Жұма, сенбі күндері анама ауылдың қыздары құрақ құрап, тоқыма тоқып, тігін тігуді үйренуге келетін. Солардың арасында бізде бармыз. Анамыз өзінің бес қызына да осының бәрін үйретті», - дейді Гүлмира Уәлиханқызы.




Он саусағынан өнер тамған Гүлмираның айтуынша, қолөнердің құрақ түріне аңсары кішкентай кезінен ауған.

«Жалпы, өзіме не керек екенін білетін адаммын. Алдағы уақытқа болжам жасай аламын. Жолым да болғыш. 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Дүниеге бес бала әкелдім. Бір күні теледидардан Ресей шеберлерінің жұмысын көрдім. Олар керемет дүниелерді тіккен. Сосын, «менің де қолымнан келеді ғой» деген ой келді. Өзімді сынап көрдім. Алғашқы тіккен заттарым көңілімнен шықты», - дейді шебер.




Оның сөзінше, зердесінде зейіні бар әр адамның қай-қайсысы да құрақтан жасалған заттарға ойлы көзбен назар аударса, сан алуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын айқын аңғара алады.

«Қазақтың құрақ құрау өнері – әлемдік асыл мұра. Құрақшылық қолөнері сәнді жұмыстар жасау тарихы өте арыдан басталады. Таңғажайып талантымен талайларды тамсандырған қазақ қолөнерінің қайталанбас түрі – қиыстырып құрақ қию, одан көздің жауын алатындай өте бағалы бұйымдар жасау. Оның әрқайсының берер мағынасы да жоқ емес. Құрақ көрпенің өзіндік құпиясы бар. Ол әсіресе, қолданатын орнаментке байланысты. Сондықтан оны қай жерде, қалай қолдану керектігін білу шарт. Мысалы, киімге өсімдік сипатты орнамент қолдану қажет. Құрақты геометриялық, космогониялық түрлерге жіктеуге болады. Олардың ішінде жануарлардың сыртқы пішініне, мүйізіне, тырнағына, мойнына, табанына, т.б. мүшесіне ұқсас ою-өрнектер халық арасына (зооморфтық түр) кең тараған. Қошқармүйіз бен арқармүйіз өрнектері бейнеленіп, ірі құрақтардан құрау арқылы тігілген көрпені қазақ ең сыйлы қонақтарының астына төсеген. Мәселен, құдалардың», - дейді ол.




Гүлмира Уәлиханқызы Қазақстанның Құрақ құрау шеберлерінің қауымдастығы ұйымдастыратын көрмелерге үнемі қатысады. «Ұлттық стильдегі бұйым» және «Тарихқа сапар тақырыбында құрақ құрау» номинацияларында бірнеше рет жеңімпаз атанды.

«Осы салада жүрген шеберлер аз емес. Бірақ қолдау жоқ. Кейінгі кездерде ғана жәрмеңкелер мен көрмелер өтіп жүр. Өзімнің қолөнерім: құрақ пен пэчворктарымды өзім насихаттаймын. Бір ерекшелігі, бұл өнермен айналысатындардың көп бөлігі әжелер. Жастар жоқтың қасы. Сондықтан да облыстарға шығып қыз-келіншектерге шеберлік сабақтарын өткізіп жүрмін»,- дейді ісмер.

Ол алдағы уақытта әлеуметтік кәсіпкерлік жобасын іске асырмақ. Тегін курстар ашуды жоспаралап отыр.

«Мата сатып алғанға демеушілер табылса құрақ құрауды ақысыз үйретуге дайынмын. Тіпті, жұмыс кестесін әзірлеп қойдым. Ең алдымен, көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар және мүгедек баласы бар әйелдерді тегін үйретемін. Бұл, әлеуметтік кәсіпкерлік жоба болады. Олар оқып үйреніп алған соң, тапсырыс алып, жұмыс істей алады», - деп толықтырды ол.




Кейіпкеріміздің айтуынша, қазір ұлттық нақыштағы, қолдан жасалған бұйымдарға сұраныс жоғары.

«Қазіргі уақытта бұл өнермен айналысу арқылы ешкім де байып кетпейді. Оны кесіп айта аламын. Десек те, сұраныс жоқ емес, бар. Біз көрпеден бастап, сөмкеге дейін әзірлейміз. Бәрі сапалы, бірегей дүниелер. Егер кім де кім бұл іспен мақсатты түрде айналысқысы келсе үлкен инвестиция құюы керек. Менің арманым Алатаудың етегінен зәулім ғимарат салып, соның ішін ұлттық дүниелерге толтыру. Онда туристерге қазақ халқының мәдениетін, қолөнерін көрсететін бірнеше шеберханасы болса деймін. Сонымен қатар, құрақ құрауды үйренем деушілерге тегін курстар болатын еді. Бұл менің әзірге ең үлкен арманым», - деп қорытындылады әңгімесін шебер.


Жоғары қарай