Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматылық хирург-эндоскопист Оралда шеберлік сағатын өткізді

2020 жылдың 20 қыркүйек 2020 22:22

ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО көпбейінді ауруханасында батысқазақстандық хирургтар мен эндоскопистерге арналған шеберлік сағаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі күнге созылған шара барысында Алматыдан арнайы келген А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми орталығының хирург-эндоскописі Нұркен Әбдиев пен Fujifilm компаниясының сату жөніндегі өңірлік менеджері Данияр Арыстанов эндоскопия саласындағы жаңалықтарды жеткізді.

Аурухананың хирургия және эндоскопия бөлімшесінің меңгерушісі Самарбай Мұқановтың айтуынша, өткен жылы облыстық аурухана ас қорыту жүйесі органдары ауруларының диагнозын қою, емдеуге арналған «Олимпус» фирмасының жабдығын алған. Соған байланысты ол А.Сызғанов атындағы орталықта біліктілігін арттыру курсынан өтіп, аппаратты пайдалану дағдысын меңгерген. Дегенмен биыл алматылық хирургтар бұрынғылардан жаңа қызметімен ерекшеленетін Fujifilm фирмасының аппаратын қолдана бастады. Бұл аппарат ішек пен асқазанды дәлірек зерттеп, сонымен бірге эндоскопиялық оталар жасауға мүмкіндік береді.

Нұркен Әбдиев үш емделушіні диагностикаға алып, жаңа эндоскоптың мүмкіндіктерін іс жүзінде көрсетті. Мысалы, бір емделушіде тоқ ішекте қатерлі ісік болуы мүмкін делініп келсе, жүргізілген зерттеу онда полип бар екендігін көрсетті. Ол сол бойда сылынып тасталды. Тағы бір науқаста бұдан бұрынғы зерттеу ішек жолындағы полипті көрсетсе, ол аденома болып шықты. Гастроэндоскоптың көмегімен тағы бір әйелге де сәтті ота жасалды.

Батысқазақстандық хирургтар мен эндоскопистер мұның бәрін көзімен көріп, өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақ беруге мүмкіндік алды.

Д.Арыстановтың сөзіне қарағанда, жаңа жүйе осы облыстық ауруханада біраз уақытқа дейін қалдырылады. Оның техникалық мүмкіндіктерін дәрігерлер өздері байқап, көре алады. Егер аппарат ұнаса, оған қол жеткізуге болады.

Түрлі, соның ішінде медициналық жабдықтарды шығарумен айналысатын Fujifilm компаниясы бұдан үш жыл бұрын А.Сызғанов атындағы орталықта жаттығу кешенін ашқан болатын. Мұнда қазақстандық хирургтар мен эндоскопистер жаңа аппаратты меңгеріп, біліктіліктерін арттырып келеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да демалыс және мереке күндері сұлулық салондары мен шаштараздар жұмыс істейтін болғанын жазған едік.



Жоғары қарай