Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматылық алаяқ интернет арқылы Нұр-Сұлтанда жоқ пәтерлерді жалға берген

2021 жылдың 9 желтоқсан 2021 16:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астана аумағындағы киберқылмыстардың алдын алу және оған қарсы тұру мақсатында «Hi-Tech» жедел алдын алу шарасы жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараның бірінші күні криминалды полиция қызметкерлері 14 киберқылмысты ашып, 5 адамды қамауға алған.

Мысалы, Алматы тұрғыны үйінде отырып, бір ай көлемінде Нұр-Сұлтандағы пәтерлерді интернет арқылы жалға беріп отырған. Жалған хабарландыруға 25 елордалық алданып қалған. Сеніп қалған астаналықтар оның өтініші бойынша электронды әмиянға кепіл ақша салып, одан кейін ғана пәтерді көруге барған. Алданғанын кейін барып білген.

Барлық факетілер бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы (алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті 400 000 теңгені қолма-қол ақшаға айналдырып, соманы өз керегіне жұмсаған.

Одан бөлек, елордалық полиция Әкімдік және еріктілермен бірге алдын алу шараларын өткізуде. Адам көп жерлерде интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру материалдарын тарату акциялары өтуде. ЛЭД-экрандарда кибералаяқтық әдістерінің ең жиі қолданылатын түрлерін түсіндіретін роликтер көрсетіледі.

Елордалық полиция мерекелер қарсаңында онлайн сатып алу немесе тауарларға тапсырыс беру кезінде мұқият болуға шақырады. Алаяқтардың құрығына түсіп қалмас үшін не істеу керек:

- тауардың бар екеніне көз жеткізу, оның сапасына сенімді болу, сонымен қатар интернет-дүкен туралы пікірлерді білу, сатушыдан тауарды бейнеқоңырау арқылы көрсетуін сұрауға болады.

- жеке мәліметтер мен банк карталарының деректерін сақтап отыру, оларды ешкімге хабарламау, тіпті банк қызметкерлеріне де хабарламау керек, себебі олар жеке қоңырау шалып, деректер жинаумен айналыспайды.

- егер сізді қандай бір жобаға ақша құюға шақырып, кірісіңізді арттыруға уәде берсе, абай болыңыз. Мұндай акциялар алаяқтық болуы әбден мүмкін. Ақпаратты ресми сайттардан тексеріп отырыңыз. Табысыңызды арттыруға уәбе беретін жалған брокерлерден сақтаныңыз.


Жоғары қарай