Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыға Үндістаннан 34 тонна медициналық жүк жеткізілді

2020 жылдың 22 шілде 2020 22:37

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыға Делиден 34 тонна немесе 1,6 миллион қаптамадағы коронавирусқа қарсы препараттар жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл дәрілер Алматы әкімдігінің дәрі-дәрмектердің тұрақтылық қорын құруға бөлген қаржы есебінен сатып алынды.

Еске салсақ, маусым айының соңында дәрі-дәрмек тапшылығын жою мақсатында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың шешімі бойынша, коронавирусқа қарсы препараттарды көтерме бағада сатып алу үшін пайызсыз қаржыландыруға 5 млрд теңге бөлінген еді. Бұдан өзге, ковидті стационарларды дәрі-дәрмек препараттарымен қамтамасыз ету мақсатында резервтік қор құру үшін тағы 5 млрд теңге бөлінді. Қазіргі кезде препараттардың жартыжылдық қорын жасау бойынша белсенді жұмыстар жүріп жатыр. Ал бұл дәрі-дәрмектердің тапшылығын жойып, олардың дәріханалар мен инфекциялық стационарларға іркіліссіз жеткізілуін қамтамасыз етеді.

Бүгін жеткізілген дәрі-дәрмектер партиясында антикоагулянт, энаксопарин, гепарин; антибактериалды - офлоксацин; қабынуға қарсы препараттар - преднизалон, дексаметазон; антибиотиктер – цефтриаксон, меропенем; қызуды түсіретін - парацетамол; вирусқа қарсы препарат - осельтамивир бар.

«Өткен жұмадан бастап дәрі-дәрмектерге деген сұраныстың төмендегені, ұзақ кезектің азайғаны байқалады. Жалпы, жағдай оңалуда. Тұрақтылық қоры арқылы дәріханаларға препараттарды жеткізумен қатар, біз ковидті госпитальдерді дәрі-дәрмектермен жедел қамтамасыз ету үшін резервтік қорды жасаудамыз. Дәрі-дәрмектердің жартыжылдық қоры фармкомпаниялардың қоймаларында сақталады, қажет болған кезде бұл препараттар стационарларға бөлінеді», - деп хабарлады Алматы әкімдігінің қаланы дәрі-дәрмек препараттарымен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаев.





Оның мәлімдеуі бойынша, Алматыға 23 шілдеде Түркиядан «Клексан» препараты жеткізіледі. Жеткізуші бұл препараттың шамамен 40 мың бірлігін әкелетін болады. 31 шілдеге дейін қосымша тағы 150 мың бірліктегі клексан жеткізу жоспарланған. Жалпы, алдағы аптада антикогулянттың шамамен 300 мыңға жуық бірлігі жеткізіледі.

Бұл – қалаға 10 шілдеден бастап қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізген жетінші рейс. Осы айдың соңына дейін тағы екі рейс келеді деп күтілуде. Қалаға шамамен 7,5 млн қаптама дәрі дәрмек жеткізілген. Кедендік рәсімдеуден соң препараттар қала дәріханаларына бөлінетін болады.






Қала әкімдігі тарапынан дәрі-дәрмек жүктерінің жедел рәсімделуі үшін пәрменді шаралар жүзеге асуда. МКД-нің Алматы қаласы бойынша «Жетісу» Кеден постысының басшысы Талғат Жаңбырбаев елімізге келіп жеткен медициналық заттары бар гуманитарлық және коммерциялық жүктерді рәсімдеу уақытының едәуір қысқарғанын атап өтті.

«Гуманитарлық жүктер кедендік төлемдерсіз, тез арада рәсімделуде. Рәсімдеу уақыты 5-10 минут. Фармкомпаниялардың коммерциялық партияларын рәсімдеуге 10-20 минут кетеді. Айта кетерлігі, біз қазір тәулік бойына жұмыс істеу режиміне көштік. Бұрын түнде келген жүк таңертеңгісін рәсімделетін. Біз қазір келген жүкті дер кезінде рәсімдеп, күндіз де, түнде де дамыл таппай, жұмыс жасаудамыз. Біз үнемі байланыстамыз, өйткені өмірлік маңызы бар жүк бір минутқа да кешікпеуі тиіс», - деді Т. Жаңбырбаев.





Жоғары қарай