Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Алматыға қажетті дәрі-дәрмек жеткізіліп жатыр

2020 жылдың 6 шілде 2020 21:11

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыға 150 мың «Парацетамол» әкелінді, таяу күндері тағда 850 мыңы жеткізілетін болады , деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың басшылығымен жиналыс өтті.

Жиынға Алматы қаласының Бас санитарлық дәрігерінің орынбасары, қаланың құқық қорғау органдарының, Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының, Тауарлардың және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, Алматы дәріханаларының ірі желілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының фармқызметін қолдау және дамыту қауымдастығының өкілдері қатысты.

Жиында Тауарлардың және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне қала дәріханаларында дәрілердің болуына және оларға қойылған бағаларға күн сайын мониторинг жүргізіп отыру тапсырылды.

Құқық қорғау органдарының алдына дәрі-дәрмектерді заңсыз, оның ішінде, онлайн алаңдары арқылы сатуға жол бермеу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізу міндеті қойылды.

Бұған дейін, Алматы әкімдігі нарық қатысушыларымен және тиісті мемлекеттік органдармен дәріханаларға әлеуметтік маңызы бар дәрілердің 41 түрін басым тәртіпте күнделікті жеткізу мәселесін шешкен болатын.

Бұл мақсатта, фармкомпаниялармен келісімге қол қойылды және 103 дәріханадан тұратын тізім белгіленді, оларға дәріні басымдық тәртіпте жеткізетін болады. Аталған тізімге тағы да екі дәріхана кірді. Осылайша, бүгінгі күні, тізімде 105 дәріхана бар, олар қаланың әрбір ауданында орналасқан.

41 препараттың әрқайсысы бойынша негізсіз дүрбелең тудырмас үшін дәрілердің бағасын көтермеу және бір қолға бір атаулы дәрінің 3 данасынан артық сатпау міндеті көзделді.

Жалпы, қаланы қажетті дәрілермен және термометрлермен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Ірі жеткізушілер күн сайын «Парацетамол», «Ибупрофен», «Эффералган», «Аспирин», «Тамифлю», «Ингавирин», «Азитромицин» және «Сумамед» секілді дәрі-дәрмектерді жеткізуді жүзеге асырады.

5 шілдедегі деректер бойынша қаланың дәріханаларына 115мың «Парацетамол», 30 мың дана термометр, 20 мың «Ибупрофен», 35 мың «Ингавирин» және басқа да дәрілер жеткізілді.

Бүгін қосымша 150 мың орам «Парацетамол» мен 50 мың термометр жеткізілді. 8 және 12 шілде аралығында қосымша тағы 850 мың «Парацетамол» әкелінетін болады.

Сонымен бірге, құқық қорғау органдарының деректері бойынша, тексеру нәтижесінде «Цефазолин», «Tamiflu» және «Ингавирин 90» дәрілерін заңсыз сату фактілері анықталып тиісті шаралар қабылданды, сотқа дейінгі тергеу ісі жүргізілуде.

Жоғары қарай