Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыдағы кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетіліп жатыр

2021 жылдың 27 қазан 2021 22:51

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қалибек Ақылбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы қалай жүзеге асып жатқаны туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Алматы кәсіпкерлеріне қаржылай көмек көрсету көлемі жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар, ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы одан әрі дамитынын атап өтті. «Біздің қаламызда бизнеске барлық деңгейде қолдау көрсетіледі: оқыту, кеңес беру, инфрақұрылымдық, қаржылық. Жыл сайын «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының бюджеті өсіп, үш жылда 31 млрд теңгеге жетті. Биыл бюджет 17,7 млрд теңге болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есе көп», - деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары.

Бөлінген қаражаттың 690 миллионы қайтарымсыз гранттарға, қалғандары субсидиялауға және ішінара кепілдендіруге бағытталды. Спикер бүгінгі таңда 154 млрд теңге несие сомасына 2 332 жоба мақұлданғанын тілге тиек етті. Бағдарламаның арқасында 1 600-ден астам жұмыс орны ашылды. «Бұл ретте жобалардың ең көп саны сауда салаларында – 17%, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсетуде – 15%, өнеркәсіпте – 13% қаржылық қолдау алды. Бұдан басқа, жобалардың 60%-ы негізгі құралдарды, үй-жайларды, жабдықтарды сатып алуға қаржыландырылады. Сауда саласында несиелер айналым қаражатына алынады»,- деп түсіндірді ол. Қалибек Ақылбеков қараша айында республикалық бюджеттен «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 1 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлу жоспарланғанын атап өтті. Осылайша, мемлекет бизнеске қолдау көрсетуді жалғастырады, бұл пандемия кезінде өте маңызды. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысы орынбасарының айтуынша, қолданыстағы түрлі бағдарламалардың арқасында Алматы кәсіпкерлері экономикалық белсенділікті жалғастыруда, жұмыссыздыққа жол берілмейді. «Біздің қаламызда дағдарысқа қарсы түрлі шаралар жүзеге асырылуда, олардың бірі – шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік гранттар ұсыну. Егер 2018-2019 жылдары жыл сайынғы бюджет 145 млн теңгені құраса, орта есеппен 80 жоба қаржыландырылса, 2020 жылы пандемия кезінде қаржыландыру сомасы 5 млн теңгеге дейін өсті», - деді спикер. Былтыр жергілікті бюджеттен 705 млн теңге бөлінді. Биыл да сонша қаржы қарастырылды. «Көктемде бірінші кезеңде 421 жоба қаралып, 513 млн теңгеге 162 жоба қолдау тапты, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары санаты бойынша – 106 жоба. Негізінен өнеркәсіп саласындағы жобалар қаржыландырылды, олар шамамен 69 пайыз. Қазіргі уақытта гранттарды конкурстық іріктеудің екінші кезеңі жүріп жатыр. Бүгінде 1 300 өтінім келіп түсті», - деді Қалибек Ақылбеков. Ведомство өкілінің айтуынша, алматылық кәсіпкерлер экономикалық өсім қарқынын жеделдетіп, жаңа жұмыс орындарын ашады. «2020 жылы қаржыландырылған жобалар мониторингінің нәтижелері бойынша қазіргі уақытта жобалардың шамамен 30%-ы іске қосылды, 105 жұмыс орны ашылды «, - деп атап өтті спикер.


Жоғары қарай