Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда жол құрылысы мен қоғамдық кеңістікті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді

2021 жылдың 26 қазан 2021 04:40

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен апта сайынғы аппараттық кеңесте Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі «Жол картасының» аралық қорытындылары, халық санағының барысы, жолдар мен қоғамдық кеңістіктердің жағдайы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол картасын» орындау аясында «Экономикалық өсу» бағыты бойынша 187 млрд теңге сомасына 21 инвестициялық жоба іске асырылды. Жыл соңына дейін 186,7 млрд теңгенің тағы 21 жобасын іске қосу жоспарланып отыр. І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Алматының ЖӨӨ 105,5 пайыз, ал көлемі – 5,8 трлн теңге.

Жыл басынан бері 53,1 мың жаңа жұмыс орны ашылды, бұл ІІ тоқсанның қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейін 5,3%-дан 5,1%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Орташа айлық 296 мың теңгеге жетті.

«Шетсіз қала» қағидатын іске асыру аясында 24 шағын ауданда 36,5 мың үйді қамтитын 92 шақырым су құбыры және 77 шақырым кәріз желілері тартылды.

Нәтижесінде қала тұрғындарының 98,4%-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, жыл басынан бері 518 көше жарықтандырылды. Жыл соңына қарай көшелерді толық жарықтандырылатын болады. Табиғи газ желілері 99,2%-ға дейін қолжетімді.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев партияның «Жол картасына» енгізілген жобалардың іске асырылу мерзіміне бақылауды күшейтуді тапсырды.

Халық санағына келетін болсақ, қазіргі уақытта онлайн және офлайн форматта 2 089 540 респондент қамтылды. Бұл қала халқының ағымдағы санының 104,19% құрайды. Онлайн-формат 21 қазанда жаңартылды. Санақ науқаны 30 қазанға дейін жалғасады.

Ерекше назар аударылатын жолдар мен қоғамдық кеңістіктердің жағдайы жеке қаралды. Қаланың көше-жол желісінің жалпы ұзындығы – 3097 шақырым, оның 299 шақырымы қатты жабыны жоқ. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 80%-дан 83%-ға дейін арттыру мақсатында жаңаларын жөндеу және салу жұмыстары жүргізілуде.

Жыл басынан бері жалпы ауданы 214 мың шаршы метр жолдарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, 31шақырым тротуар, 65 аялдама алаңы жөнделді. Қысқы кезеңде шұңқырларды жөндеу үшін 5 бірлік арнайы техника – термос-бункерлер сатып алынды, 200 тонна арнайы қысқы асфальт дайындалды.

Ұзындығы 201,1 шақырым жоспарланған 206 көшенің 197 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, қалған 9 көше бойынша жұмыстарды қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

О. Жандосов көшесі бойындағы BRT желілері Сүлейменов көшесінен Үлкен Алматы өзеніне дейін, Таусамалы шағын ауданындағы Қонаев көшесі Яссауи көшесінен Рысқұлов көшесіне дейін реконструкциялануда.

Алты шағын ауданда (Шаңырақ-5, Нұршашқан, Самғау, Әлмерек, Қайрат, Өжет) жолдарды салу мен күрделі жөндеу аяқталды. Тағы екеуінде (Құрамыс, Думан) жұмысты қараша айында аяқтау жоспарлануда.

Рекреациялық аймақтарды құру мақсатында жаңа қоғамдық кеңістіктерді жөндеу және салу жүргізілуде. Соңғы 2 жылда 84 нысан іске қосылды. Атап айтқанда, ағымдағы жылы «Маяк» тоғайы, «Көкмайса» шағын ауданындағы «Есентай» өзенінің жағалауы, Тау қырат шағын ауданындағы учаске, «Жарбұлақ» және «Тіксай» өзендерінің арналары абаттандырылып жатыр.

Селден қорғау бөгетінен №1 тұндырғышқа дейін Үлкен Алматы өзенінің су қорғау белдеуі мен арнасын реконструкциялау жүргізілетін болады. 15 нысан бойынша жобалар әзірленуде.

Соның ішінде, Алатау ауданындағы «Өжет» шағын ауданындағы тоған бойындағы және Боралдай өзенінің бойындағы жасыл аймақтар абаттандырылады. Сонымен қатар, Медеу ауданының «Алатау» шағын ауданындағы Ибрагимов көшесінің бойына сквер салу қарастырылған. Наурызбай ауданындағы Қарғалы өзенінің жағалауын, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының солтүстігін көгалдандыру жоспарда.

Бақытжан Сағынтаев Жаңа Алматының қалаға қосылған шағын аудандарында жайлы қоғамдық кеңістік құрудың маңыздылығын атап өтті.

Тұрғындар балаларға арналған ойын және спорт алаңдарын құра отырып, саябақтар мен демалыс орындарын салу қажеттілігі туралы бірнеше рет өтініш білдірді.

Сондықтан мегаполис әкімі жобаларды әзірлеу және іске асыру кезінде қала тұрғындарының пікірлері мен тілектерін ескеруді тапсырды.


Автор Алма Мұқанова
Басты сөздер: Алматы, Қоғам,
Жоғары қарай