Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Алматыда жас тілшілер байқауы мәресіне жетті

2020 жылдың 2 маусым 2020 18:46

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының дәстүрлі XLV «Жас тілшілер» онлайн форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ЖОО сайтына сілтеме жасап.

Үш күндік форум аясында жас тілшілерге арналған «Журналистика негіздері» курсы бойынша онлайн шеберлік сабағы өтіп, республикалық мектеп оқушылары арасында жарияланған «Журналист болғың келе ме?» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Биылғы байқаудың ерекшелігі жұмыстар электронды түрде қабылданып, нәтижесі онлайн форматта таныстырылды. Байқауға келіп түскен жүзге жуық шығармалар мен эсселердің жеңімпаздары «Абай - әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Ұлы даланың жеті қыры», «Әл-Фараби мұрасы - ақыл ойдың маржаны», «Ұлы жеңіске тағзым, «Газет, әлде интернет?», «Көсемсөз құдыреті», «Мультимедиа журналисінің бір күні» номинациялары бойынша І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен мараптталып, кітаптар сыйға тарту етілді.

Еліміздің барлық өңірлерінен журналист мамандығын таңдаған талапкерлер «Жас тілшілер форумы» аясында өтетін шығармалар, эсселер, фото, аудио, видеоматериалдар мен графикалық туындыларын байқауға жіберуге асығады. Талапкерлердің шығармашылық әлеуетін сынайтын бұл байқаудың өз тарихы, дәстүрі бар. Осыдан 45 жыл бұрын 1975 жылының мамыр айында алғаш рет республикалық «Жас тілшілер» слеті орталық комсомол комитетінің ұйымдастыруымен өтті. Сол жылдары Қазақстан Республикасының Орталық партия комитетінің Насихат және үгіт бөлімінің басшысы Қ. Сұлтанов болатын. Бұл шараның бастауына О. Сүлейменов, Ф. Оңғарсынова, Д. Стамбеков, Ш. Смаханұлы сияқты танымал ақын-жазушылар атсалысқан. Тек соңғы он сегіз жылда «Жас тілшілер форумы» жаңа форматта, заманауи үлгіде ұйымдастырылып, ауқымы мен салмағы арта түсті.

Бағдарлама аясында «Ұлан», «Дружные ребята» балалар басылымдары журналистері, «Egemen Qazaqstan», «Қазақ газеттері» ЖШС, «Қазақпарат» АҚ, «Қазақ радиолары» ЖШС, «Хабар» АҚ, «Qazaqstan» ұлттық арнасы тілшілері мен репортерларының онлайн шеберлік сабағы өтті.

Үздік танылған жас тілшілер арасында Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық «Жас ұлан» мектебінің 10 сынып оқушысы. Дінислам Егамбердиев, Алматы қаласы Назарбаев зияткерлік мектебі 12-сынып оқушысы Мұрат Қымбат Арманқызы, Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Әбдібек Нұрай, Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Айсұлу Съезхан, Атырау обылысындағы Сағыз селосы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Аралбай Кәмшат Жаныбекқызы, Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Мұса Шорман ауылы Қаныш Сәтбаев мектебінің 10-сынып оқушысы Ауғали Мерей Ардаққызы, Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданы №53 М. Ғабдуллин мектебінің 11-сынып оқушысы Мәлікаждарова Алтынай Бауыржанқызы, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаттың 12-сынып оқушысы Сүнәділла Нұрсұлтан Мейірбекұлы сияқты бәйгеден озып шыққан дарынды өрендердің шығармашылықтары ерекше атауға тұрарлық.

Жеңіспаздардың бірі Алтынай Мәлікаждарова: «Осыдан бір жыл бұрын ҚазҰУ-да төсбелгімді тағып, қуанышты көңіл-күймен сүйікті ұстаздарымның батасын алып қайтқан болатынмын. Биыл сол ұстаздарыммен онлайн жүздесу бұйырған екен. Бұл жолы да мінберімнен таймай, өз орнымды сақтап қалдым І орын! Ең бастысы, орынға ілігу емес, ұстаздарыммен, құрбыларыммен қауышу болатын. Бұйырған кетпейді, асыққан жетпейді деген осы болар бəлкім», - деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында.

Биылғы жылы талапкерлерге «Журналистика» мамандығымен қатар жоғары біліммен соң магистрлік «Data журналистика», «Бизнес коммуникация», «Медиа және коммуникациялар» PhD бағытытарында бағдарламалары бойынша білім алуға мүмкіндіктері бар.











Басты сөздер: Алматы, Білім,
Жоғары қарай