Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алматыда зардап шеккен бизнеске тиісті көмек көрсетіледі - Бақытжан Сағынтаев

2022 жылдың 15 қаңтар 2022 18:20

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев шабуыл мен тонауға ұшыраған шағын және орта бизнес нысандарын аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі сату және сервис орындарының иелерімен, Promenade, MOSKVA Metropolitan, Asia Park, «12 ай» сауда орталықтарының басқарушы директорларымен кездесіп, әңгімелесті. Кәсіпкерлер қала әкіміне әкімдіктің Үкімет комиссиясы және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп шешуі қажет бірқатар мәселелерді айтты.

Алматы әкімі бүлікшілер құрылыс құралдарын басып алған «12 ай» дүкенін аралап көрді.

Алматыда сауда орталықтарын, қару-жарақ дүкендерін, банктерді тонауда және азаматтарға шабуыл жасауда балта, балға, ара, тегістеуіш және басқа да құралдар қолданылғаны белгілі болды.

Сонымен қатар, әкім Das auto сервисі техникалық қызмет көрсету станциясының иелерімен кездесті. Мұнда клиенттердің 9 автокөлігі өртеніп кеткен.

Бақытжан Сағынтаев полиция департаментіне тергеу іс-шараларын жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ, қала әкімі кәсіпкерлерді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнеске қажетті көмек көрсетілетініне сендірді.

ШОБ-ке келтірілген залалды бағалау жөніндегі қалалық комиссия қаланың кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, залал көлемі мен өтемақы сомасын есептеу тетіктерінің ашықтығын қамтамасыз ететін болады.

Бұған дейін де қала әкімі кәсібі зардап шеккен кәсіпкерлермен кездесіп, полиция департаментіне олардың өтініштерін қабылдауды ұйымдастыруды тапсырған еді.

Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП консультативтік көмек көрсетіп жатқанын жазғанбыз.



Жоғары қарай