Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда тұңғыш рет республикалық «Қобыз сарыны» байқауы өтті

2021 жылдың 16 қыркүйек 2021 14:41

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында жасөспірімдер арасында тұңғыш рет қобыздан сайыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайыс «Алатау» дәстүрлі өнер театрында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қала күніне орай ұйымдастырылды.

Додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер бақ сынасты.

«Іс шараның басты мақсаты – ұлттық өнерімізді насихаттау жолында ғасырлар қойнауынан сыр шертетін дала үнін, яғни қобыздың үнін, бүгінгі таңда жастарға тәлімдік тағылымы мол дүниені таныту», – деді қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев.

Сайыскерлердің бағасын беретін әділ қазылар алқасының мүшесі жас қобызшылардан үлкен үміт күтетінін жеткізді.

«Осы байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Себебі Тәуелсіздік алғалы бері 30 жылда көптеген жас таланттар шығып жатыр. Осындай байқаулар көп болсын деймін. Жалпы, ұлттық орындаушылардың деңгейі өсіп келе жатыр», – деді прима-қобызшы Ғазиза Ғабрахимова.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені 13 жасар Жанахметова Баян ұтып алды.

Жоғары қарай