Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алматыда төтенше жағдай жарияланғалы бері өрт сөндірушілер қанша адамды құтқарды

2022 жылдың 14 қаңтар 2022 10:04

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Төтенше жағдай режимі басталғалы қаланың Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері 100-ден астам дабыл бойынша жолға шықты. Оның 67-і өртке қатысты болды. 28 адам құтқарылып, 125 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қасыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Руслан Қасыбаевтың айтуынша, өртенген нысандарды толықтай сөндіруге мүмкіндік болған жоқ, себебі, өрт сөндіру барысында жеке құрамға бандалық құрылымдар шабуыл жасаған.

«Дегенмен, өрт сөндіру операцияларының көбі сәтті өтті. ТЖД қызметкерлері 28 адамды құтқарды, 125 адамды эвакуациялады», - деді ол.

ТЖД бастығының мәліметіне сәйкес, 4 қаңтардан бастап бүгінге дейін «112» мен «101» пульттеріне 59 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Адамдардың көп жиналу, тонаушылық, қаланың қандай да бір ауданында күдікті адамдар, автокөліктердің нөмірсіз жүру фактілері бойынша барлық хабарламалар штабқа жіберілді.

ТЖД басшысы атап өткендей, тұрғындарды терроризмге қарсы операция туралы құлақтандыру мақсатында қалада күн сайын телерадио хабарлар таратылып, коменданттық сағаттың басталғаны туралы дабыл берілді, ұялы операторлардың абоненттерімен SMS-хабар таратылды. Халықты хабарландыру жұмыстары бүгінде де жалғасуда.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде Өрт сөндіру қызметінің 8 қызметкері зардап шекті. Олардың бірі өрт сөндіру машинасын кері қайтарып алуға әрекеттенген кезінде қолына оқ тиіп, жарақаттанды. Барлығы 18 бірлік техника зақымданды, 6-техника басып алынды, оның 5-уі өртенді және 1-уі кері қайтарылды, 12 техникаға зақымданса, 1 техникаға оқ тиген.

«Өрт сөндірушілер үздіксіз шабуылдарға ұшырағанына қарамастан, азаматтар біздің бөлімшелерге көмек көрсетіп жатты. Азаматтық қорғау органдарына бұрын болмаған төтенше жағдай режимінде жұмыс істеуге тура келді. Бірақ, өзінің жоғары жауынгерлік рухы мен жеке құрамның үйлесімді жұмысының арқасында қызмет талапқа сай орындалды және бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырамыз», - деп түйіндеді Руслан Қасымбаев.


Жоғары қарай