Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда полицияның «сервистік моделі» дамып келеді

2021 жылдың 4 қараша 2021 18:37

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қоғамдық қауіпсіздіктің «сервистік моделіне» көшу мәселесі бойынша мамандандырылған семинар-тренингтер өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров семинарды аша отырып, полицияның «сервистік моделін» енгізу жұмыстары Мемлекет Басшысының Жолдауын орындау аясында жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Сервиске бағытталған полиция қызметі – бұл полиция мен қоғамға жаңа әдістерді қолдану арқылы қылмыстың, құқық қорғау және қауіпсіздік мәселелерін ынтымақтастықпен шешуге мүмкіндік беретін модель»,- деді әкімдіктегілер.

Бүгінде Алматыда «сервистік полицияның» пилоттық аумағы ықшам аудан деңгейінен Алатау ауданына дейін (ауданда 300 мыңнан астам адам тұрады) ұлғайды. Сондықтан аталған аумақты картаға дұрыс түсіру, құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың қосымша шараларын талдау және әзірлеу мақсатында ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері үшін семинар-тренингтер өткізіледі.

Семинар-тренингтің мақсаты – ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелерін полиция қызметіндегі заманауи әлемдік тәсілдерге, деректермен жұмыс жасауға, «полицияның сервистік моделі» тұжырымдамасы аясында халықпен өзара іс-қимыл бойынша әрекет етуге оқыту.

Ведомствоаралық жұмыс тобының құрамына қалалық басқармалардың, Алматы қаласы полиция департаментінің, прокуратураның және ҮЕҰ өкілдері кіреді. Семинарға қоғам қайраткері, Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының (ЕҚЫҰ) полиция реформасы жөніндегі кеңесшісі Эльмира Хисамутдинова қатысты.

Айта кетейік, «полицияның сервистік моделі» бүгінде Бостандық ауданындағы «Керемет» тұрғын үй кешені мен Алатау ауданының «Өжет» ықшам ауданында істеп тұр.



Автор Думан Арғынгелді
Басты сөздер: Алматы, Полиция, Әкім,
Жоғары қарай