Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда қылмыс деңгейі 21,3% төмендеді

2021 жылдың 13 мамыр 2021 00:42

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл басынан бері қылмыс деңгейі 21,3% төмендеді. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев тікелей эфир кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақытжан Сағынтаев қауіпсіздік «Алматы - 2050» стратегиясында белгіленген жеті стратегиялық бағыттардың бірі екенін атап өтті.

«Қауіпсіз қала – бұл тұрғындар үшін жайлы қала. Қауіпсіз қала - бұл инвесторлар мен туристер көп келетін қала. Қауіпсіз қала - бұл бизнестің дамуы. Осының бәрі болса, онда қаламыз әл-ауқатты, жасыл желекке бөленген, жұмыс орны көптеп ашылған, халықтың жүзі жарқын болады. Ол үшін қаладағы қоғамдық орындарда қауіпсіздікті күшейтіп, қылмысты азайту жұмысы жүргізіліп жатыр»,-деді қала әкімі.

Сонымен қатар, ол қалада қауіпсіздік деңгейі жыл сайын артып келе жатқанын айтты.

«Стратегияда «100 мың адамға шаққандағы қылмыс деңгейінің» индикаторы көрсетілген, ол 2020 жылы 3260, ал 2025 жылы - 2835 болуы керек. Ал, іс жүзінде 2019 және 2020 жылдары бұл көрсеткіш сәйкесінше 2889 және 1457,9-ды құрады. Стратегиядағы «100 мың адамға шаққанда өліммен аяқталған жол-көлік оқиға саны» индикаторы бойынша 2030 жылға дейін 4,6-дан кем емес көрсеткішке жету жоспарланған. Іс жүзінде, 2020 жылы бұл көрсеткішке 4,2 болды», -деді Бақытжан Сағынтаев.

2019 жылдан бастап Алматының криминогенді жерлерінде полицияның 37 жаңа модульді стационарлық посты ұйымдастырылды. Биыл тағы 7 осындай бекет ашылады. Криминогенді учаскелерде патрульдеуді күшейту және жылжымалы полиция пункттерін құру жағдайды едәуір жақсарған.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша қылмыс 2 есеге азайды. Қоғамдық орындарда тіркелген құқық бұзушылық саны 3,4 есеге төмендеді, көше қылмыстары 4,2 есеге қысқарды. Сондай-ақ, қылмыстың ізін суытпай ашу 12,3%-ға жақсарды. Осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша қалада қылмыс барлық бағыт бойынша 21,3% төмендеді. Қала тұрғындары мен қонақтарына туындайтын мәселелерді шешуге көмек көрсету міндеті қойылған учаскелік инспекторлардың рөлі күшейтілді. Әрбір ересек алматылық учаскелік инспекторын жақсы тануы тиіс»,-деді қала әкімі.

Мегаполис әкімі қалада құқық бұзушылыққа қарсы нөлдік төзімділік ахуалын қалыптастыру қажеттігін атап өтті.


Жоғары қарай