Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Алматыда қоймалардың өртенуі: Департамент түсініктеме берді

2020 жылдың 10 маусым 2020 20:34

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 20 мамыр мен 5 маусым аралығында 5 резонансты өрт болды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық ТЖД бастығының орынбасары Арман Байгелов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, мегополистегі ірі өрттердің бірі Түрксіб ауданында орналасқан қоймалардан шықты. Үлкен аумаққа жайылған қызыл жалынды ауыздықтау үшін үшін арнайы өрт сөндіру техникалары мен қала су каналының суару машиналары және тікұшақ жұмылдырылды .

«Барлық өрттер жану жүктемесі мен конструктивті ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі дәрежеде болды. Шұғыл қабылданған шаралардың арқасында зардап шеккендер мен қайтыс болғандар тіркелген жоқ. Карантин кезінде 1525 құтқарушы мен 287 бірлік техника арнайы қызмет режиміне ауыстырылды. Күн сайын жедел кезекшілікке 355 адам, 118 бірлік техника және 3 әуе борты қызметке кірісті»,– деді Арман Байгелов.

Екі нысанан шыққан өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан орын алды. Атап айтар болсақ, 26 мамырда Әуезов ауданы Мұстай Кәрім көшесі 1Б/3 мекенжайында, 970 шаршы метр аумағы бар кесілген ағаш сақталатын қойма отқа оранды. Ал 27 мамыр күні Жетісу ауданы Жетісу көшесі 46/б мекенжайында орналасқан «Гыньяз» қонақ үй кешенінен шыққан өрт 300 шаршы метр аумақты қамтыды, тілсіз жаудың жеке тұрғын үйлерге таралуына жол берілмеді.

«Үшінші нысандағы өрттің себебі, 29 мамырда Түрксіб ауданы Бекмаханов көшесі 96 Г мекенжайында дәнекерлеу жұмыстары кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағандықтан орын алды. Қызыл жалын «МОЛ-КЭМ» ЖШС-ің қоймаларына өтіп, 1600 шаршы метр аумаққа жайылған. Төртінші нысан бойынша, 03 маусым күні Медеу ауданындағы Сағадат Нұрмағамбетов көшесі 150 мекенжайында жаңадан салынып жатқан мектеп ғимаратының төбесіндегі гидрооқшаулағышпен жұмыс кезінде ғимарат шатырынан өрт шықты, оның аумағы 700 шаршы метрді құрады. Өрттің іргелес ғимараттарға таралуына жол берілмеді және бесіншісі ол жолаушылар автобусының жануы»,– дейді ол.

Оның айтуынша, өрттің шығуының негізгі себептерінің бірі, өрт режимін сақтамау және өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамау.

«Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және енгізілген мораторийге сәйкес, жоғарыда аталған 5 объектінің 4-і Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментімен тексеруге жатпайтынын айтқым келеді. ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, ерекше тәртіппен жоғары қауіпті нысандарға мысалы, ауданы 2500 м2-ден асатын қоймаларға, ауданы 1500 м2-ден асатын сауда, тамақтану нысандары міндетті түрде жылына бір рет тексеріледі. Осыған байланысты өрт қауіпсіздігі мен мемлекеттік және жеке меншіктің, сондай-ақ адамдардың өмірін өрттен сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты адамдардың жауапкершілігі артып келеді.

Сонымен, «Өрт қауіпсіздігі ережелеріне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентіне сәйкес - нысандардағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету нысандардың иелеріне, меншік түріне қарамастан ұйымдардың, кәсіпорындардың басшыларына, сондай-ақ жеке кәсіпкерлерге жүктелген. Өз кезегінде ұйымдардың басшылары өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белгіленген тәртіпте жұмыстың белгілі бір салаларында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапты тұлғаларды тағайындауы керек.

«Егер объектіде өрт қауіпсіздігі нормалары мен ережелерін сақтамау салдарынан өрт туындаса, жауапкершілік ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабына сәйкес, ескерту немесе 5-тен 50 АЕК-ке дейін (13890 теңгеден 138 900 теңгеге дейін) айыппұл түрінде қарастырылған.

Меншік иелері келесі мәселелерге назар аударулары керек:

- өрттен және түтіннен тазарту жүйелерін тазалап ұстау, олар болмаған жағдайда орнату бойынша шаралар талап етіледі;

-электртотехникалық шаруашылықты жақсы жағдайда ұстау;

-дәнекерлеу және өрт жұмыстары кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау;

-нысан персоналдарымен міндетті түрде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы нұсқаулықтар өткізу.


Жоғары қарай