Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Алматыда коронавирустың алдын алу жұмыстары қалай жүргізілуде

2020 жылдың 22 ақпан 2020 02:18

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– Алматы халықаралық әуежайында қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен құрылған коронавирустың алдын алу жөніндегі өңірлік штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында шаһардың ағымдағы эпидемиологиялық жағдайы мен ұшып келетін халықаралық рейстерді бақылау үшін жүргізілетін санитарлық-карантиндік шаралардың барысы пысықталды.

1 ақпаннан бастап медицина қызметкерлерінің және уәкілетті мамандардың көмегімен мегаполистің халықаралық әуежайына келетін барлық халықаралық рейстерге тексеру жүргізілуде. Әуежай аумағында тәулігіне 30-дан астам эпидемиолог жұмыс істейді. Сондай-ақ лауазымды тұлғалардың өзара іс-қимыл алгоритмі теміржол стансаларында, автомобиль өткелдерінде де сақталған. Қаланың медициналық ұйымдары коронавирустық инфекцияны бақылау мен оның алдын алу үшін күшейтілген шараларды жүзеге асырады.

Ұлттық сараптама орталығы базасында 200-ден астам жағынды сынама зерттелді. Олардың ешбірінде коронавирус анықталмады. Сонымен қатар, мегаполисте 100 мыңнан астам медициналық бетперде мен 700-ден астам дәрі-дәрмек қоры бар. Жалпы қалада барлық қажетті қорғаныс құралдары толықтай жеткілікті. Сондай-ақ санитарлық-ағарту жұмыстары күшейтіліп, сауда үйлері мен базарларда санитарлық бақылау шараларының сақталуына тексеру жүргізілуде. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша 18 мыңға жуық жадынама таратылды.

Мамандар қала тұрғындарынан денсаулықтарына ерекше назар аударып, инфекцияның алдын алу шараларын сақтауды сұрайды:

• дене қызуын күніне кемінде 2 рет өлшеу;

• үй-жайларды күніне кемінде 2 рет желдету;

• ылғалды тазалық жұмыстарын күн сайын жүргізу;

• қолды сабынмен жиі жуу;

• жеке ыдыс, жеке гигиена құралдарын (сүлгі, сабын, тіс пастасы, ұстара аспаптары және т. б.) пайдалану.

Сондай-ақ ЖРВИ мен тұмауды жұқтыру қаупі жоғары кезеңде, бірқатар елдерде вирустық инфекциялардың таралуы бойынша жағдайды ескере отырып, шаһар тұрғындарына адам көп жиналатын жерден аулақ болуға, қауіпті аймақтарға шықпауға кеңес беріледі.

Дене қызуы бар адамдардың қоғамдық орындарға бармай, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну, сондай-ақ жедел респираторлық инфекциясының белгілері бар жандардың «жөтелу әдебін» сақтағандары абзал.

Қазақстан аумағында коронавирус мәселелері жөнінде тәулік бойы 1406 нөмірі бойынша бірыңғай call-орталық жұмыс істейді. Күдік туғызған және медициналық көмектің тапшылығы орын алған жағдайда хабарласуға болады.


Жоғары қарай