Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 409.19
EUR 461.24
RUB 5.67
CNY 58.26

Алматыда коронавирус жұқтырған 22 адамның жағдайы ауыр

2020 жылдың 21 мамыр 2020 17:41

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Алматыда COVID-19 вирусын жұқтырудың жаңадан 57 жағдайы тіркелді. Оның төртеуі өздігінен тексерілуге жүгінген адамдар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Профилактикалық тексеру кезінде індет 14 адамнан анықталса, қалғандары карантинде болғандар. Олармен жақын байланыс жасаған барлық азамат оқшауландырылды. Жалпы, мегаполисте пандемия басталғалы бері вирустың расталған 1966 жағдайы тіркелді»,– дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Қазіргі уақытта қалалық жұқпалы аурулар стационарында коронавирус инфекциясынан 864 науқас ем-дом қабылдап жатыр, оның 30 – бала. Екі науқастың жағдайы – өте ауыр, 22 адамда – ауыр, 240 науқаста ауырлықтың орташа дәрежесі, ал қалғандарының денсаулығы қанағаттанарлық.

Бүгінгі күні провизорлық госпитальда 196 адам бар, 266 адам карантинде. 13 299 азамат үй карантинінде жатыр.

Кешегі күні 55 адам қауіпті індеттен жазылып шықты. Оның ішінде 28 адам – медицина қызметкерлері, 1,5 жас пен 16 жасқа дейінгі – 10 бала, 68-73 жастағы үш зейнеткер және қалғандары орта жастағы азаматтар.

Жалпы, шаһарда пандемия басталғалы бері қауіпті індеттен 1092 науқас сауығып шықты, бұл 56% құрайды.

«Қалада карантин режимі әлі жалғасуда. Мегаполис тұрғындарына, әсіресе, жөтел, мұрыннан су ағу немесе басқа да ауру симптомдары болған жағдайда барлық қауіпсіздік шараларын ұстану керектігін ескертеміз. Атап айтқанда, бетперде киіп, мүмкіндігінше халық көп жиналатын орындарға бармауға, қолды жиі жуып, адамдардан кем дегенде 2 метр қашықтықта ұстау керектігін өтініп сұраймыз. Бұл ұсыныстарды орындай отырып, сіз аурудың таралу қаупін төмендетесіз. Егер сізде дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болса, тыныс алу қиындай түссе, медициналық көмекке жүгініп, жедел жәрдем шақырғаныңыз абзал», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.


Жоғары қарай